«Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ», - деп ақын Қасым Аманжолов айтпақшы, біз шексіз бақыттымыз. Сондықтан, тәуелсіздіктің құрдасы екенімді ойлағанда, бойымды ерекше сезім билейді. Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қасиетті жерімізді ардақтап, қорғау – әрбіріміздің парызымыз.
Бұл орайда тәуелсіз елдің кез келген азаматы азаттықты бағалап жүр деп ойлаймын. Қазіргі кезде өзге елдердің хал-ахуалын қарап, бейбіт елде ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етемін. Қазіргі таңда Елбасымыз бен Мемлекет басшысы жастарға көптеген мүмкіндіктер жасап, қолдау көрсетіп келеді. Атап айтар болсақ, «Жастар жылы» аудандық жастардың бастарын қосып, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, жаңа жобаларды жоспарлап және әр түрлі мәселелерді талқылау, шешу мақсатында «Жастар ресурстық орталығына» ғимарат берілді. Ауданымыздағы әр түрлі қызықты шаралар, сұхбаттар, жарыстар мен байқаулар еліміздегі пандемиялық жағдайға дейін осы ғимарат ішінде өткізіліп жүрді.
Десек те, еліміздегі карантиндік шараларға қарамастан, барлық шара, байқаулар онлайн түрде өткізуде. Бұдан бөлек жастарға өз кәсіптерін бастауға қайтарымсыз гранттар ұйымдастырып, соның арқасында жастарымыздың еңбекке деген, өз ісіне деген сүйіспеншіліктері арта түсті. Еріктілер жылы ауданымыздың жасөспірімдерінен басталған еріктілеріміз мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге әр түрлі шаруашылық жұмыстарына көмектесіп, әр жұма сайын тегін азық-түлік таратып, «тегін такси» қызметтерін де ұсынды. Бұл өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, еңбекке, адалдыққа, мейірімділікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеудің бірден бір көзі болып табылады.
Санжар ТІЛЕГЕНОВ,
Тәуелсіздік құрдасы