Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

САҒЫЗДА ЖАҢА ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІ

Әрқашан елдің тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі жолында қызмет етіп келе жатқан полициялардың еңбегі зор. Ал, олардың алаңсыз жұмыс жасауы үшін жан-жақты жағдай жасап, қажеттіліктерін қанағаттандырған дұрыс.

Бұл орайда, аудандағы ең үлкен ауылдық округ саналатын Сағыз ауылындағы полиция бөлімшесі тозығы жетіп, әбден ескіргені көптен бері көтеріліп жүрген мәселе еді. Бүгін аталмыш мәселе өз шешімін тауып, жаңа жыл қарсаңында сағыздық тәртіп сақшылары су жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа полиция бөлімшесінің ашылуына аудан әкімі, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, ішкі істер саласының ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шараны құттықтау тілекпен ашқан аудан әкімі Қанат Әзмұханов «Жаңа ғимаратқа көшкен полиция қызметкерлері ауылдың тыныштығы мен тәртібі жолында аянбай еңбек ете берсін» десе, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Асылбек Жауымбаев қызылқоғалық тәртіп сақшыларына департамент тарапынан қолдау жалғаса беретіндігін жеткізді.

Сол сияқты ішкі істер саласының ардагері Нұрболат Қарабаев кейінгі буын әріптестерінің жұмысына сәттілік тіледі. Құттықтау тілектен соң жаңа нысанның лентасын жоғарыда айтқан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Асылбек Жауымбаев пен ішкі істер саласының ардагері Нұрболат Қарабаев қиып, ауыл үлкендері шашу шашты. Бұдан соң келген қонақтар жаңа ғимараттың ішіне кіріп, аралап көрді. Жаңа бөлімше заманға сай жаңа жиһаздармен жабдықталып, ішінде полициялардың жұмыс жасауына барлық жағдай жасалған. Шара соңында ауыл үлкендері «Бұл ғимарат қылмысты ашатын емес, оның алдын алатын бөлімшеге айналсын» деген тілекпен тарқасты.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT