Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАСЫЛ ШЫРША ҚУАНЫШЫ

Аудан әкімінің шыршасы биыл да ұйымдастырылып, Миялы спорт кешенінде өтті.  Аталмыш шараға аудандағы он жеті орта мектептен 80 бала, яғни жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың балалары қатысты.
Мерекелік шараның шымылдығы  Сағыз орта мектебінің ұжымы ұйымдастырған жаңажылдық қойылыммен ашылды. Онда жаңа жылға дайындалып жүрген Ақшақар, Маша қыз бен аю, мултьфильм кейіпкерлері мен сайқымазақтардың қастарына келген Мыстан кемпір сиқырлы таяқты ұрлап алып, кедергі келтіреді. Дегенмен ебін тауып қолдарына түсірген сиқырлы таяқшаны сайқымазақтар аудан әкіміне береді. Өз кезегінде аудан әкімі Қанат Әзмұханов сиқырлы таяқшамен шыршаның шамдарын жағып, құттықтау тілегін білдірді.
– Қымбатты балалар, Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Келер жыл әр балаға қуанышты сәт, жақсы күндер әкелсін. Әр баланың арманының орындалуына, мақсаттарына жетуіне тілектеспін! Біздің мемлекетіміз әлемге танымал Тәуелсіз ел. Сіздер осындай ерекше мемлекетте өмір сүріп жатқан бақытты балаларсыздар. Елімізде жасалып жатқан игі істердің барлығы да Сіздер үшін. Болашақта сіздердің де араларыңыздан елімізге адал қызмет ететін ұлтжанды азаматтар шығатынына сенемін.  Жаңа жылда бәріңе және ата-аналарың  мен кішкентай бауырларыңа зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, сарқылмас қуаныш, сәттіліктер тілеймін, - деген аудан әкімі Қанат Әзмұханов кеш қонақтарының әрқайсысына 25 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Бұдан кейін балалар Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алып өз өнерлерін көрсетті. Жаңажылдық шыршада «Жұлдыз-ай» бишілер тобы «Снегурочка», «Гномдар» биін билесе, Сағыз орта мектебінің саз пәні мұғалімі Гүлмарал Жұмабаева «Кел, Жаңа жыл!» әнін шырқады. Бүлдіршіндер «Түстер әлемі», «Моликула», «Слайм», «Арқан тартыс» топтық ойындарын ойнаған соң Аяз ата және Ақшақармен бірге шыршаны айнала би билеп, кештің көркін қыздырды. Шара барысында ортаға шыққан ескі жыл Ұлу мен жаңа Жылан жылы бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, білімді де елжанды азамат болып өсулеріне тілектестігін білдірді. Мерекелік шара «Жаңа жыл» әнімен қорытындыланып, балалар шырша жанында естелік суретке түсті. Осылайша аудан әкімінің шыршасына келген бүлдіршіндер мультфильм кейіпкерлерімен әсем әуен ырғағында би билеп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT