Шіркін, «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, жанға жайлы қоныс, көңілге қонымды баспананы армандамайтын жан бар ма? Осы тұрғыдан алғанда, маңдай терін сорғалата жүріп жұмыс жасап, күндіз-түні еңбектенсе де тапқаны күнделікті ішіп-жейтін тамағынан ауыспайтын, өмір бойы өзімнің жайлы баспанам болса екен деп армандап жүрген азаматтар қаншама?!
Солардың бірі – Сағыз ауылының тұрғыны Сәрсенбай Тіниев. Ұзақ жыл Ленин атындағы савхозда қызмет еткен ол Сағыз ауылынан 25 километр жердегі Шолақсай елдімекенінде жолдасы Қалима екеуі мал бағып, шопан болды. Мал шаруашылығының дамуына еңбек сіңіріп, күндіз-түні бір малды екі етемін деп тынбай тер төкті. Әрине, Кеңес үкіметі кезінде шопандардың үйі дайын, бар жағдайы жасалды. Бірақ, еліміз тәуелсіздік алып, нарық заманына көшкеннен кейін бұрынғы дүрілдеген кеңшарлар тарап, шаруашылықтың бәрі жекеге айналды. Бұл шақта, қарапайым еңбек адамдарының басым көпшілігі қара басының қамын ойлап, жан-жаққа үдере көшті. Ауылда тек қана жеке басының малын бағып қалғандар ғана қалды. Себебі, одан басқа жұмыста жоқ еді. Қанша дегенмен орталықтың аты орталық қой деп ойлаған Сәрсенбай бар күш-жігерін жинап алып, округ орталығына көшіп келді. Бірақ, келуін келгенмен өзіне жайлы баспана сатып алуға қомақты қаржысы жоқ, мол ақша табуға денсаулығы көтермейді. Балдары болса, жан-жаққа кеткен. Амал жоқ, жолдасының аз-мұз зейнетақысымен күнін көріп, үй жалдап тұруға мәжбүр болды.
Әйтсе де, «Адамнан сұрасаң екі көзің шығады, Алладан сұрасаң екі бүйірің шығады» деген емес пе халқымыз? Күндіз-түні Алладан жайлы баспана тілеген ол жақында күтпеген қуанышқа кенелді. Яғни, Сәрсенбай мен Қалиманың жағдайын жақсы білетін «Нұр» қайырымдылық қорының басшысы Нұрия Жұмабайқызы бастама көтеріп, оны ауыл тұрғындары мен 1991,1994,1997 жылғы туылған жастар, жеке кәсіпкер Еркін Таласов, Сағыз теміржол стансасының басшысы Нұрбол Дүйсенбайұлы, қазір Атырау қаласында тұратын, Сағыз ауылында туып өскен азамат Айбар Шыныбаевтар қолдап, бір аптаның ішінде 2 миллион теңге қаржы жиналып, сол қаржыға Сағыз ауылының орталығынан екі бөлмелі баспана сатып алынды. Міне, сол баспананың кілтін өткен аптаның бейсенбісі күні Сәрсенбай мен Қалимаға салтанатты түрде табыс етті.
Онда Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Жасан Есқайыров, Атырау қаласынан арнайы келген «Харекет» қорының еріктісі Рахман Ізімұлы, «Нұр» қайырымдылық қорының басшысы Нұрия Жұмабайқызы, Кенбай орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбөпе Қарабалиналар құттықтау сөз сөйлеп, «жаңа пәтер игілікке жарасын!» деген тілек білдірді. Осынау ізгі ниетпен қайырымдылық жасап, көмек қолдарын созып жатқан ауыл тұрғындарына, атымтай жомарт азаматтарға, жаны жайсаң жастарға шексіз ризашылығын білдірген Сәрсенбай барлығына көптен-көп рахмет айтып, қуаныштан еріксіз көзіне жас алды. Сөйтіп, қазақы дәстүрмен шашу шашылып, ерлі-зайыпты Сәрсенбай мен Қалима құтты болсын айтқан ағайындары осындай игі шараның ұйытқысы болған «Нұр» қайырымдылық қорының басшысы Нұрия Жұмабайқызын Алғыс хатпен марапаттады.
Бауыржан АМАНҰЛЫ