Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Өртті қалай сөндіреміз?

Мал шаруашылығымен айналысатын ауданның басты уайымы – дала өрті. Былтырғы жылы тілсіз жаудың кесірінен ауданның бірнеше аумағы отқа оранып, біраз шаруагер шығынға батты.

Дала өрті биылғы жылы да ауданның әр аумағынан бой көрсетіп, әлсін-әлсін шаруагерлерді мазалауда. Сондықтан, тілсіз жаумен күресу үшін барлық ауылдық округтен еріктілер жасағы құрылды.

Осы орайда, аталмыш жасақ «Қалай жұмыс жасайды? Төтенше жағдайға дайындығы қалай?» деген сауал туындайтыны анық. Міне, осы сұрақтарға жауап беру мақсатында өткен аптаның бейсенбісі күні «Арман» мәдениет үйінде еріктілерге арналған семинар болып өтті. Оған Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Кәсіби даярлық мектебінің аға оқытушысы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Ерлан Рахмашев пен азаматтық қорғаныс майоры Дайынбек Наурызғалиев арнайы қатысып, ауылдық округтердегі ерікті өрт сөндіру жасақтары мен төтенше жағдайға жауапты барлық бөлім, мекеме қызметкерлеріне түсінік жұмыстарын жүргізді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған азаматтық қорғаныс подполковнигі Ерлан Рахмашев дала және орман өртінің еліміздің экономикасы мен экологиясына келтіретін зияны туралы мәлімдесе, азаматтық қорғаныс майоры Дайынбек Наурызғалиев өрт сөндіру балонын қалай пайдалану керектігі туралы түсінік жүргізіп, іс-тәжірибе жүзінде көрсетті. Семинарды қорытындылаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Айбол Карин аудандағы төтенше жағдайға жауапты құрылымдардың дала өртіне дайындығы туралы атап өтті. Семинар соңында қатысушыларға арналған бейнеролик көрсетіліп, барлық қатысушылар ауыл сыртында ұйымдастырылған далалық оқу-жаттығу жиынында тактикалық оқу-жаттығудан өтті.

Дулат БЕРІК.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT