Елбасының халыққа жолдаған әр Жолдауы – тарихи құжат. Олардың барлығы да стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында жүзеге асуы тиіс 10 негізгі бағытты айқындап берді.
Осы он негізгі міндет аясында өндіріс үдерістерін сандық негізге көшіру арқылы индустрияландыруды өрістету, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуды қолға алу, білім беруді жаңа сипатта дамыту, қаржы секторын қайта қалыптастыру, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес және тиімді мемлекеттік басқару жүзеге асуы тиіс.
Жолдауда атап өткендей, агроөндірістік кешен экономиканың жеделдетілген технологиялық модернизациясы басымдығының алдыңғы сапына кіреді. Себебі, бұл ¬– еліміздің экономикалық және тағамдық қауіпсіздігін құрайтын экономикадағы маңызы зор сала. Сондықтан, аудандағы ауыл шаруашылығы саласының мамандары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, қызу қолдауда. Ауыл шаруашылығын дамыту жолында Елбасы қолдауымен бұған дейін де кешенді жоспарлар жасақталып, қабылданған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осы бағдарламалар аясында «Құрман» шаруа қожалығы төрт түлікті асылдандыруға бет бұрып, сүт өнімдерін өңдеуді қолға алса, «Аян» шаруа қожалығы асыл тұқымды абердин-ангус сиырларын өсіруде. Алдағы уақытта асыл тұқымды айғырды үйірге қосып, жылқыны да асылдандыруды көздеп отыр. Бұлардан басқа да көптеген шаруа қожалықтары табындарына асыл тұқымды бұқалар, отарларына асыл тұқымды қошқарлар қосып ауданда мал басын асылдандыру бағытындпа еселі еңбек етуде. Өткен жылы құрылған «Бірлік Миялы» ауылшаруашылығы коперативінің жұмысы ілгері басып, бүгінгі күні өз қызметін облыс көлемінде көрсетуде. Ал, Мұқыр ауылдық округінен құрылған «Болашақ-А» коперативі Атырау қаласынан мал сою және ет өнімдерін өңдеу цехын салу жұмыстарын қолға алуда. Дегенмен бұдан басқа да коперативтердің жұмысын жандандырып, өз өнімдерін шығару үшін жан-жақты қолдау көрсету керек. Сонда ғана отандық өнімді ұлғайтуға мүмкіндік берумен бірге әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендіне өз үлестерін қоса алады. Сонымен бірге, Елбасының мемлекет пен бизнес өкілдері бірлесе отырып, отандық өнімді ілгерілету керектігі туралы айтқан сөзі ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайтуға әзір жергілікті өнім өндірушілерге қанат бітіретіні даусыз.
Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын малшы, механизатор, агроном және басқа мамандардың тапшылығы бұл саланың қарқынды дамуына қолбайлау болып тұрғаны жасырын емес. Сондықтан, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау күн тәртібінен түспеуі қажет. Ендеше, Елбасы тапсырмаларын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір кісідей атсалысып орындау арқылы ауыл шаруашылығын көркейту әрбір ауыл тұрғыны парызымыз деп түсінген жөн.
Мәрзия ӘБІШЕВА, «Назгүлім» шаруа қожалығының төрағасы.