Жалпы елімізде болсын, әлемде болсын мәселесі мен шешілмеген түйіні көп салалардың бірі – әлеуметтік сала. Себебі, мұнда қоғамның ең әлсіз және аз қамтылған мүшелері шоғырланған. Міне, осыны ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаймашуақ көктемнің алғашқы күндерінің бірінде «Президенттік бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына Үндеуін жариялады. Үндеуде осы кезге дейін өзекті болып келген тұрғын үй, төмен жалақы, студент жастардың мәселесі, кәсіпкерлікті қолдау, көгілдір отынмен қамту сияқты мәселелер айтылып, оның шешу жолдары да нақты көрсетілген.
Президент бірінші бастамада қазақстандық әр отбасының баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттін айтты. Оның сөзінше, бұл үшін үй алу кезінде азаматтарға берілетін несие пайызын 7 пайызға дейін, алдын ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, ал несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту керек. Қазір елімізде баспана мәселесі ең өзекті болып тұрғаны белгілі. Ал, банктерге жолығып ипотекамен үй алғысы келгендер оның пайызы мен төлейтін сомасын көріп, өз ойынан айнып қалады. Осыны ескерген Елбасы үй алуды оңайлатып, пайызы мен ай сайынғы төлемді де азайтып отыр. Бұл әсіресе ауылдан қалаға жұмыс іздеп кеткен жастарға ыңғайлы болмақ.
Үндеудің екінші бастамасы төмен жалақы алатын жұмысшылардың мәселесіне арналғаны белгілі. Аталмыш бастамада салыстырмалы түрде аз жалақы алатын қызметкерлердің салық жүктемесі он есеге азайатыны айтылған. Бұл келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылады деп күтілуде. Бұған дейін елімізде әлеуметтік саланы әлдендіретін қаншама реформалар жүріп, бағдарламалар қабылданса да дәл осы аз жалақы алатындардың мұңы ескерілмей қалып жататын. Осы орайда, өз Үндеуінде аталмыш мәселені ескерген Елбасы тағы бір мәрте өз көрегендігін көрсетті. Еліміздегі ең әлсіз топтардың бірі – студенттер қауымы екені белгілі. Соның ішінде жатақхананың жетіспеуі жанға бататын. Ал, жалдайтын үйдің бағасы аспандап тұр. Бұған да баса назар аударған мемлекет басшысы алдағы уақытта жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 25 мың орындық жатақхана салуды тапсырды. Сонымен қатар, 2018-2019 оқу жылдарынан бастап қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынды. Ал, Үндеудің төртінші бастамасы жаңадан бизнес бастайтындар үшінші қолайлы болмақ. Себебі, биылдан бастап кәсібін жаңадан бастайтын жандар үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, ол жеңілдетілген несие түрінде берілмек. Бұл бір жағынан кәсіпкер үшін тиімді болса, екінші жағынан мемлекет дамуына тікелей үлесін қосатын бастама болып отыр. Үндеуде айтылған бесінші бастама еліміздің барлық елді мекендерін газдандыру. Елбасының айтуынша еліміздің оңтүстік және батыс өңірлері көгілді отынмен қамтылғанымен орталық және солтүстік облыстардың көп бөлігіне газ жүргізілмеген. Президент алдағы бір жарым жыл ішінде бұл олқылықтың орнын толтырып, аталмыш аймақтарды газбен қамтуды Үкіметке тапсырды. Осылайша, бес бастамасын да әлеуметтік саланы әлдендіруге арнаған Нұрсұлтан Әбішұлы барша қазақстандықты ел дамуы жолында күш сала жұмыс жасауға шақырды.
Марат ӘБУОВ, аудан әкімінің орынбасары.