Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Октябрь НҰРАДИНОВ, кәсіпкер: «ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМ ТОҒЫССА ҒАНА МАСЫЛДЫҚ БЕЛЕҢ АЛМАЙДЫ»

Айналаға көз салып қараңызшы, қазір қоғамда барлық жағдайымыз жеңілдеген сайын біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбей, жеңіл табыс табуға ұмтылу белең алып бара жатқан сияқты.

Бұл әсіресе, бүгінгі нарық заманында тайға таңба басқандай көрініп тұр. Яғни, адамдар арасында әлеуметтік масылдық пайда болды. Адамды да тұлға ретінде дамытпайтын, қоғамға да кері әсерін тигізетін бұл үрдістен қайтсек арыла аламыз? Кез келген жұмысшы үшін бастапқыда барлығы оңай әрі жеңіл болмайтыны белгілі. Неге қарапайым, ауыр жұмыс көздерінен қашқалақтаймыз? Осы тәрізді мазалаған сұрақтарды алға тартып жеке кәсіпкер, іздену мен өсуді басты ұстаным еткен Октябрь Нұрадиновпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Октябрь Тұрақбайұлы, ең алдымен өзіңіздің өмірбаяныңызбен таныстыра кетсеңіз?

– Өзім 1977 жылдың 2 қарашасында Миялы ауылында дүниеге келіп, 1994 жылы сол кездегі Н.К.Крупская атындағы орта мектепті бітірдім. Ал, 1999 жылы Батыс Қазақстан аграрлықуниверситетін «Мал дәрігері» мамандығы бойынша тәмамдадым. Университет бітірген соң, 1 жыл әскер қатарында болып, алғашқы еңбек жолын 2000 жылы бастадым. Ал, 2003 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен шұғылдану мақсатында ауданымыздың ауылшаруашылық саласына бет бұрдым. Ең үлкен жетістігімнің бірі 2015 жылдың қараша айында аудан орталығынан жеке меншік «Керуен» сауда орталығын аштым. Осылайша, бұл бағытта ауданның өсіп-өркендеуі жолында мейлінше қызмет етіп келемін. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған әкемін.

– Сіздің кәсіпкер болуыңызға не түрткі болды?

– Негізінен кәсіп жасау мемлекеттік қызметте, одан кейін мал дәрігері болып жұмыс атқарып жүргенде ойыма келді. Себебі, бұл мекемеге адамдар қолындағы бағып отырған малдарын емдету үшін ағылып келетін. Бірақ, оған беретін дәрілер жоқ. Ал, дәріхана ашу мемлекеттік мекемелердің құзырында емес. Мен сол мәселені шешу үшін жеке малдәрігерлік дәріхана ашып, кәсіпкерлікті бастадым. Жалпы, кәсіпкерлікпен айналысу үлкен жауапкершілікті талап етеді.

– Қазіргі таңда жұмыссыздық мәселесі белең алып отыр, Сіздің жұмысшыларыңызға қояр талабыңыз қандай, мереке уақыттарында ынталандыру болады ма?

– Иә, қазір пандемияның салдары кәсіпке, жалпы адам баласына көп зиянын тигізді. Жұмыссыздықтың одан сайын көбеюіне әкеліп соқты. Бұл ретте, қызметкерлердің жұмысына адал болғанын қалаймыз. Себебі, кәсіпке «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қызметкерлердің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс жасауы маңызды. Кәсіптің жұмыс барысы адамдардың келулегіне байланысты. Сондықтан, мереке күндері жұмыс орнында демалыс беріледі. Ынталандыру қызметкерлердің жұмыс жасағанына байланысты беріліп тұрады.

– Масылдықты төмендету бағытында еліміз үшін қандай үлесіңізді тигіздіңіз?

– Халқымызда «Балық берме, қармақ бер» деген мағыналы сөз бар. Көп жағдайда қарапайым халықтың тұрмысын, болмаса қажеттіліктерін толықтырғанмен оның барлық мәселесі шешілмейді. Керісінше, қолынан келетін ісіне қарай бағыт беру керек. Негізінен, жұмыспен қамту бөлімімен бірнеше мәрте келісім шартқа отыру арқылы әлеуметтік негізде жұмысқа әр жылдары бірнеше адам алынды. Одан бөлек тікелей жұмыс іздеп келген адамдарды қысқа мерзімге жұмысқа қосу арқылы кез келген жағдайда адал еңбекпен табыс табуға болатынын көрсетіп, бағыт-бағдар бердік. Айта кету керек, жұмыс іздеп келетін адамдардың көпшілігі орта жастан асқан азаматтар мен азаматшалар. Жастар жағы өте аз.

– Бүгінгі балалар ертеңгі – ел болашағы. Ал олардың, отбасындағы тәрбиесі қандай бағытта болуы керек?

– Бала әр адамның айнасы екенін ескерсек, оның тәрбиесіне де жіті назар аудару қажет. Ең бірінші баланың ұяты болу керек. Ол дегеніміз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қағидаларымен өскені абзал. Әрине, білімді де бірінші орында болғаны жөн. Қазіргі заман, даму, ізденіс, цифрлы қоғам. Сондықтан да әр бала өте терең оқи білуі керек деп есептеймін. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бүгінгі бала – ертеңгі белгілі бір маман иесі. Ал, ол оқымай, ешқандай серпіліс болмаса масылдықтың қамытын шеше алмаймыз. Ал, егер де отбасындағы тәрбие мен білім бір арнаға тоғысар болса, ешқашан масылдыққа жол берілмейді. Әрі масылдыққа жол бермей, еңбекпен тапқан нанның берекеті жоғары екендігін терең түсінеді.

– Әлі де аудан үшін, жалпы жұмыссыздық, масылдықтың жүгін жеңілдету үшін қандай өзгеріс немесе жұмыс көзін жасағыңыз келеді?

– Кез келген азамат елде, тұрғылықты жерінде қандай мәселе бар сол мәселелерді шешу үшін жұмыстанса, міне сол кәсіп болып есептеледі. Сол мәселелерді шешу арқылы кәсіпкер болады. Әрине, табыс табатын болған соң кәсіпті адал, әрі үлкен жауапкершілікпен жасағаны абзал. Жеңіл ақша табу кәсіпке жатпайды. Кәсіпкерліктің артында халқыңа деген үлкен міндет бар. Егер де адам бос жатпай еңбектеніп, жұмыс жасаса табыс табуға болады. Ал, мен сол дүниені халыққа көрсетіп, ауыл тұрғындарының ұйымшылдығын, бір-біріне деген сенімін арттыру мақсатында әлі де көптеген жұмыс жүргізудемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан, Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT