Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесті

Өткен аптаның жұмасы күні облыс әкімі Серік Шәпкенов ауданда іссапармен болды.

Алдымен Мұқыр ауылында болған аймақ басшысы ауылдағы салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Осыдан бес жыл бұрын іргетасы қаланып, құрылысы басталған нысан мердігер мекеменің жауапсыздығынан тоқтап тұр. Мәселенің мән-жайына қаныққаннан кейін облыс әкімі округте атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жасалатын жұмыстармен танысты.

Басты көрсеткіш – сапа

Қарамағында алты елді мекені бар округтегі 952 тұрғын үйде 4932 халық тұрады. Округ бойынша биыл Мұқыр ауылы мен Кенбай елді мекенінде кірме және ауылішілік жол құрылыстары, Жантерек, Кенбай, Мұқыр, Тасқұдық елді мекендеріндегі ескірген электр желілерін ауыстыру, жаңадан жүргізу, көше шамдарын орнату, «КерегенСағыз-Жамансор» топтық су құбырын жаңғырту, Кенбай елді мекеніне ауылішілік су құбырының құрылысын жүргізу, Соркөл және Сарқұмақ елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау, үш елді мекенге газ желісін тарту, Мұқыр ауылына көпфункционалды ашық спорт құрылысын салу және кешенді өрт сөндіру бекетін сатып алу жобалары іске асырылмақ. Сонымен бірге, округте Мұқыр ауылынан спорт кешені мен 160 орындық балабақша салып, спорт мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, су айдау стансасын жаңғыртып, орталық саябақты күрделі жөндеу, Тасқұдық елді мекеніне ауылішілік ауыз су құбырын тартып, Жантерек елді мекеніне кірме және ауылішілік жол құрылысын жүргізу, 400 орындық мәдениет үйінің құрылысын жалғастыру секілді өзекті мәселелер де бар.

№2 орта мектепте округ тұрғындарымен кездесуге ауыл тұрғындарымен бірге облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, жауапты мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімі мен орынбасарлары қатысты.

 

c2eb83ec-05a6-4e1c-90e3-21c625c7a26b.

Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!

Түстен кейін аймақ басшысының жұмыс сапары Миялы ауылында жалғасты. Алдымен аудандық полиция бөлімі мен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ғимаратында жүріп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарымен, салынып жатқан ауылішілік жол құрылысымен танысты. Бұдан кейін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан орталық стадионды аралады. Өткен жылы бітетін стадионның құрылыс жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмағандықтан тапсырыс беруші тарапынан сотқа беріліп, сот шілде айына дейін бітіруге уақыт берді. Жұмыстың неге өз деңгейінде жүрмей тұрғанын сұрағанда мердігер мекеменің өкілі түрлі сылтауларды көлденең тартты. Оның жауабына қанағаттанбаған облыс әкімі: «Жұмыс жасаймын деп тендерден ұттыңыз ба, жұмыс жасаңыз. Ал, әліңіз келмей ме, тапсырыңыз. Қысқасы, көтере алмайтын шоқпарды беліңізге байламаңыз» деді. «Арман» мәдениет үйінде өткен жиын негізінен тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау бағытында өрбіді. Бұл орайда, ауыл тұрғыны Жаубасар Мұқанбетов Миялы ауылында салынатын үш қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге қаржы бөлуін сұраса, Мәлік Сүлейменов Миялы, Жангелдин, Ойыл ауылдық округтеріне Тайсойғаннан ауыз су құбырын тартуға ықпал етуін өтінді. Оған жауап берген өңір басшысы аталмыш тұрғын үй құрылыс жобасын демеуші компания қаржыландырмаса бюджеттен қаржы бөліп, бұл мәселені шешетіндігін тілге тиек етіп, ауданды ауыз сумен қамтамасыз етуде нақты жұмыстар жасалып жатқандығына тоқталды. Ал Тайсойғаннан тартылатын ауыз су құбырына қаражат бөлініп тұрғандығын, енді мердігерді анықтап, жұмысты бастау қажеттігін жеткізді. Жиын барысында сөз сөйлеп, әр сала бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өткен облыс әкімі Серік Шәпкенов:

– Биыл аудан бойынша бірқатар жоба іске асырылуда. Олардың қатарында жоғарыда сөз болған үш қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үйдің, «ТайсойғанМиялы» магистралды су құбырының, өрт сөндіру депосының, ауылішілік автокөлік және жаяу жүргіншілер жолының құрылыстары мен бірнеше жаңғырту жұмыстары бар. Алайда, кейбір құрылыс нысандары түрлі себептермен уақытында бітпей кешіктірілуде. Келесі жылы жоспарланған жұмысты қазірден бастап қолға алған жөн. Яғни, жұмысты уақытында бастайтындай тиісті құжаттарын алдын ала дайындап қоюымыз керек. Егер атүсті жүріп істейтін болсақ онда сапа да кетеді, уақыт та созылып, соңында дұрыс нәтиже бермейді. Тағы да айтарым, құрылыс сапалы жүруі үшін қоғамдық бақылауды күшейту керек. Ал, аудан әкімінің жүйелі түрде жасалған жұмыс жоспарына біздің тарапымыздан міндетті түрде қолдау көрсетіледі, - деді.

Кездесулерден соң облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, олардың айтқан пікірлері мен сауалдарына заң тұрғысында түсінік берді.

 

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

Суреттерді түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521