Ойыл өзенінің тасқын суы алдымен аудан орталығы Миялы ауылынан өтіп, басқа округтерге құятыны мәлім. Бұл ретте, Миялы ауылын тасқын судан қорғау бағытында өр суы көтеріле бастағаннан бері біраз жұмыс қолға алынып, әлі де жалғасын табуда.
Айталық, Миялы ауылының солтүстік, солтүстік-шығыс, батыс бетіндегі бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасуда.Соның нәтижесі болса керек, бүгінгі таңда ауылға су басу қаупі төніп тұрған жоқ. Миялы ауылында «Жаңа Арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (2 камаз, 1 К-700, 2 трактор), Дара кәсіпкер «Тазалық» мекемесінің (1 трактор, 2 камаз) техникаларымен қатар, "АтырауИнжСтрой", "Атырау көлік" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің техникалары бөгет салу жұмыстарына зор септігін тигізіп келеді. Бөгеттерді қосымша бекіту жұмыстарына төтенше жағдайлар бөлімінен алдын ала дайындалған 4000-ға жуық және тұрғындар тарапынан жиналған қапшықтар пайдаланылды. Барлық қауіпті аймақтар құм салынған қапшықтармен қосымша бекітілді. Қажет кезде пайдалану үшін қапшықтарға құм салып дайындалып қойылды. Ауылда мекеме қызметкерлерінен кезекшілік қойылған. Су басу қаупі туындағаннан бастап бөлім, мекеме қызметкерлері, ауыл жастары, еріктілер жұдырықтай жұмылдырылды. Тасқын судын алдын алуға жеке кәсіпкерлер де өз техникаларымен көмектесіп, белсенділік танытты. Миялы-Жангелдин арасында үзілген жермен қайық арқылы жолаушылар тасымалы үзіліссіз әр күн сайын сағат 08:00-20:00-ге дейін аудан тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп отыр. Демек, су тасқыны бәсеңсіп, бір қалыпқа түскенше ауқымды жұмыстар жалғаса беретін болады.