Биылғы өр суының күрт тасуы Ойыл өзені бойында орналасқан елді мекендерге қауіп төндіріп отырғаны жасырын емес.
Соның ішінде, тасқын судың қауіптілігі жеке шаруа қожалықтарға қиындық келтіруде. Бұл ретте, Қызылқоға ауданының әкімдігі тарапынан қауіптілігі жоғары деген 76 шаруа қожалық пен жеке азаматтар анықталып, смс, whatsap желісі, ұялы телефон, хат арқылы қыстақ басындағы адамдарды қауіпсіз аймақтарға көшіру туралы ескертпе берілді. Алайда, аталған ескертпелерге қарамастан қожалық иелері мен жеке азаматтар су басу қаупі бар қыстақтарынан әр түрлі сылтауды алға тартып, малдарын көшірмеу фактілері кездесуде. Бұл ең алдымен шаруагерлердің ақ адал малдарына зиянын тигізетіндігі аян. Қазіргі уақытта, Қызылқоға ауданының әкімдігі мен ауыл тұрғындары аудан бойынша қолда бар техникалар (мекемелер, жеке тұлғалар, кәсіпкерлер техникалары) арқылы барлық округке бөгет салу жұмыстарын жүргізуде. Басты мәселе - малы көп шаруагерлерді емес, тұрғындар мекен ететін елді-мекендерді тасқын судан қорғауды қамтамасыз ететіні мәлім. Сондықтан, барлық далалық жерде орналасқан шаруагерлерден қауіпсіздік үшін қыстақ басында қарттар, балалар, науқас адамдар, әйел адамдар болған жағдайда жақын елді мекендерге жіберіп, малдарды қыр басына шығарып, қолда бар техникалармен мүмкіндігінше қыстақ маңынан бөгет салу жұмыстарын ұйымдастырғаны абзал.