Күн сайын көркейіп, жыл сайын жаңарып келе жатқан ауданымызда биыл да біраз игі істер атқарылуда. Алыс едімекендерге ауыз су мен көгілдір отын тартылып жатса, Сағыз, Мұқыр, Тасшағыл ауылдық округтерінде түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Соның ішінде аудан орталығында жүргізіліп жатқан ауылішілік жол құрылысының маңызы зор. Былтыр ғана басталған жол құрылысы биыл жаз шыға қайтадан қарқын алып, қазіргі таңда жұмыстың тең жартысы аяқталды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерболат Иғали:
– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Миялы ауылында автокөлік және жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Бұл жұмыстарды «Атыраукөлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Қазіргі сәтте Қ. Аққуов, А. Сабыров көшелері мен Е. Нұршаев ықшам ауданындағы жиырма үйліктің алдына асфальттің бірінші қабаты, орталық А. Құнанбаев көшесіне екінші қабаты төселуде. Сондай-ақ, Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің жанына көлік жылдамдығын тежейтін жол кедергісі салынады. Ал, қалған 13 көше мен жаяу жүргіншілер жолының астыңғы жабындысы төселіп, дайын тұр. Қыркүйек айында облстық мәслихаттың сессиясы өтеді. Сол сессиядан жолдың қалған ақшасын сұратып отырмыз. Облыстық мәслихат депуттатары мақұлдап, қаржы бөлінсе жылдың аяғына дейін барлық көшелер мен жаяу жүргіншілер жолы асфальтталады, – дейді.
Ал, жол құрылысын жүргізіп жатқан «Атыраукөлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Қайрат Юсупов қазіргі таңда аудан орталығында 40 шақты техника, 60 жұмысшы жол салу жұмыстарын жасап жатқандығын, сондай-ақ, Сағыз ауылында орналасқан асфальт зауытынан күніне 34 «Камаз» ыстық асфальт тасымалданатындығын тілге тиек етті. Әрине, жолдың салынып, ауылға көрік бергені жақсы-ау. Алайда, көңілге кірбің түсірер бір мәселе бар. Көптеген көлік жүргізушілері жол құрылысы бітпей жатып «Жүруге тиым салынады» деген белгіге қарамастан жаңадан төселген ыстық асфальттің үстімен жүріп, жол жабындысын бүлдіруде. Әрине, бұл дұрыс емес. Өзге ауылдар осындай жолға зар болып отырғанда біз барымызды бағаламаймыз. Осы орайда, мердігер компания өкілдері де «Көлік жүргізушілері сәл шыдамдылық танытып, жол құрылысы жүріп жатқан көшеден айналып өтсе...» деген тілегін білдірді. Тұрғындар да осыдан қорытынды шығарып, бұдан былай жол жабындысын бүлдірмейді деген сенімдеміз.
Ең бастысы ауылдың сәулетіне сәулет қосар игі істер атқарылуда. Ендеше жасалып жатқан жол құрылысы тезірек бітіп, ел игілігіне пайдалануға берілсе керемет емес пе?!
Дулат БЕРІКҰЛЫ