Ауданда жастайынан тылда еңбек етіп, талай қиындықты еңсеріп, талайға үлгі болған қарттардың ішінде миялылық Ұлжан Темірболатованың орны ерек. Былайғы жұрт «Құрылысшы әже» деп танитын ол 1925 жылдың 25 ақпаны күні Индер ауданы Жарсуат ауылында дүниеге келген.
Балалық шағы 1931-1932 жылдардағы аштықпен тұспа-тұс келіп, әупірімдеп ол зұлматтан аман өтеді. Алайда, енді ес жия бастағанда екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Ұлжан Темірболатова жас талдырмаш шағынан тылдағы еңбекке араласады. Сұрапыл соғыс аяқталған соң соғыс ардагері Мәтжан Ғұбайдуллинмен отау құрып, екеуінен 2 ұл, 3 қыз дүниеге келеді. 1957 жылы отбасымен Миялы ауылына қоныс аударған олар сол уақыттан бері ауданның дамып-өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Жұбайы «Селхозтехника» мекемесінде еңбек етсе, кейіпкеріміз «ПМК-907» мекемесінде зейнетке шыққанша сылақшы болып жұмыс жасайды. Аудандағы көптеген ғимаратта өзіндік қолтаңбасын қалдырған Ұлжан Темірболатова былтыр ауданның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ауданның Құрметті азаматы атанды.
Айлар өтіп, жылдар жылжып адал еңбек, маңдай тердің арқасында кейіпкеріміз бүгін мерейлі 100 жасқа толды. Соған орай, аудан әкімі Қанат Әзмұханов, орынбасары Гүлшара Ізімова, Миялы ауылдық округінің әкімі Амангелді Бағдаровпен бірге ғасырлық белеске жетіп отырған ардақты ананың үйіне арнайы барып, құттықтап шықты.
– Сіздің өмір жолыңыз бен ауданның дамуы жолында жасаған жұмысыңыз біз үшін өшпес өнеге. Талай тауқымет тартып, осынау ғасырлық белеске жетуіңіз – адал еңбек, маңдай тердің арқасы. Әрине, бұл жасқа екінің бірі келе бермейтіндігі белгілі. Сондықтан өзіңіз сияқты қазыналы қарттармен біз мақтанамыз. Ендеше, деніңіз сау, жасыңыз құтты болсын, - деп, 100 жасқа келіп жатқан туған күн иесінің иығына комзал жауып, арнайы құттықтау хат, ықылыс гүлін және өз атынан ақшалай сыйлық табыстады.
Өз кезегінде сөз алған Ұлжан Темірболатова:
«Бұл жасқа жетемін деп еш ойлаған жоқпын. Десе де, Алланың қалауымен осы белеске шығып отырмын. Бейнеттің зейнеті деген осы шығар. Бәрі қаумалап келіп құттықтап, игі тілегін арнап жатыр. Әрине, ризамын. Баршаңа осы жасқа жетудің нәсіп етсін» деген ақ батасын берді.
Дулат БЕРІКҰЛЫ