Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА МҮМКІНДІК МОЛ

Көпшілігі мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай әлеуметтік көмек көрсетіліп,  мүгедектерге арналған жәрдемақыны қалай алуға болатындығын  білмей жатады.

Міне, мүмкіндігін тағдыр тарылтқан жандарға қолдау көрсету мақсатында Қызылқоға аудандық "Мүгедектер қоғамы» қоғамдастық бірлестігінің төрағасы Бақтығұл Тәжіғұл, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлмира Өтеуғалиева, аудандық ішкі саясат «Азаматтық орталықтың» маманы Айсәуле Ардаққызы барлық  ауылдық округтегі мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесу өткізді.

Жиын барысында,  мүмкіндігі шектеулі жандар тарапынан мүгедектікке байланысты жәрдемақы тағайындау, оңалту орталықтарына бару үшін өңірлерге емге берілетін квота бөлу, қоғамдық көліктерде еркін жүруге қолайлы жағдай жасау, қажетті дәрі-дәрмектерді жеңілдікпен алуға мүмкіндік жасау тағы да басқа мәселелер көтерілді. Осы орайда, Қызылқоға аудандық "Мүгедектер қоғамы» қоғамдастық бірлестігінің төрағасы Бақтығұл Тәжіғұл:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау» деген болатын. Бұл ретте,  мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін заң аясында шешу, олардың қоғамдағы жағдайын жақсартып, қолайлы орта қалыптастыру. Ауылдарды аралаудағы мақсатымыз – сіздермен танысып, жағдайларыңызды біліп, араларыңыздан бір адамды алқа мүшесіне сайлау. Қолымызда қаржы  жоқ, демеуші арқылы қызмет етеміз. Мұң-мұқтаждарыңызды тыңдап, шешілмей жүрген мәселелеріңіз болса, аудандық, облыстық басшыларға жеткізу.  Мүмкіндігі шектеулі жан деп көбіне шектеліп қаласыздар.  Бәріміз тең құқылымыз. Өзімде ІІ топ мүгедектігі бар жанмын» деді.

de839df6-2b11-4aeb-b03f-7c890bf85ff1

Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлмира Өтеуғалиеваның айтуынша, биылғы маусым айынан бастап, әлеуметтік тапсырыс бойынша «Инво» такси өз қызметін атқарып келеді. Ол үш бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Арбамен жүретін, І,ІІ топ мүгедектігі бар көзі көрмейтін және балдақпен тірек қозғалысы бұзылған жандар. Сондай-ақ, өздігінен жүре алмайтын адамдарға қасында ілесіп жүретін адамымен қоса баратын жеріне апарып, алып келеді. Ол үшін арнайы кезекші  жұмыс жасайды. Бір күн бұрын хабарлап, мүмкіндігі шектеулі жандар қай жерге баратынын хабарлайды. Жауапты  тасымалдауға уақыты сәйкес келмесе, жолақысын  береді. «Инво» такси қызметін пайдалану үшін дәрігерлік «Форма 026» қағазы мен мүгедектігі бар анықтама қажет.

- Біз, жеке оңалту бағдарламасын жүзеге асыратын органбыз. 2021 жылдан бастап ерекше жандарға қажетті барлық тауарлар мен қызметтерге мемлекеттік сатып алу процесі қолданылмай, мүмкіндігі шектеулі жан өздері қажетті тауарлар мен қызметтерді толығымен Портал арқылы алады. Өздеріңізге тиесілі құралдарыңызды арнайы портал арқылы таңдап, үйлеріңізге дейін жеткізіп береді. Өздеріңіз білмесеңіздер әр округте өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы жасақталған. Тағы бір айтар  жаңалығым - осы жылдың шілде айынан бастап 16 жасқа толмаған балаларды шипажайға апарған қасындағы адамға да кеткен шығынның 70 пайызын төлеп береміз, - деді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлмира Өтеуғалиева.

Аяпберген Орынбасар, Қызылқоға ауылдық округінің тұрғыны:

«Мүмкіндігі шектеулі жандар назардан тыс қалмауы тиіс дейсіздер. Мен мүгедектігі бар жанмын. Эпилепсия ауруымен кезекте тұрамын. Емделу үшін аудан орталығына жібереді. Бірақ, барсақ невролог болмай бірнеше рет кешке дейін күтіп, дәрігерге қарала алмай келдім. Бір-екі күн қаралып жазыла салатын ауру емес, арнайы ауруханаға  жатып емделуім қажет. Өзіміз ауырып ем алу үшін барғанда, сандалдып қояды».

Айсұлу Қожахметова,

ІІІ топ мүгедегі:

«20 жылдан бері астмамен дәрігерлік кезекте тұрамын. Бүгінде эпилепсия, тіпті ауырмайтын жеріміз жоқ. Әлсін-әлсін ауырып қаламын. Ауылда тек бір күн тегін қызмет көрсетеді. Келесі күні керекті дәрі, емімізді сатып аламыз. Мүмкіндігіміз  шектеулі болғасын, ауруға бейім боламыз. Неге тегін емдемейді? Неге арнайы дәрі-дәрмек бөлінбейді?».

Гүлсім Аяпбергенова, Тайсойған ауылының тұрғыны:

«Мүгедектігі бар жандарға айрықша құрмет көрсетіліп келеді. Көбіне жеңілдіктер тек І,ІІ топ мүгедектігі бар жандарға беріледі.  Ал, ІІІ топ мүгедектегі бар жандарға  жеңілдік қарастырылмаған. Алға қарай осы топқа да жеңілдіктер қарастырылса екен деген ұсынысым бар». 

Қауысбай Базарбаев, Сағыз ауылының І топ мүгедегі:

«Мүмкіндігі шектеулі"  деп атымыз айтып тұрғандай, біздің көзіміз көрмейді. Құлағымыз естімейді. Бірақ, бізді қит етсе көз дәрігері Атырау қаласына жібереді. Ал, сол көз дәрігерін аудан орталығына  неге алдырмайды? Айына 2-3 рет көзді емдету үшін қалаға барамыз. Сағыз ауылында рентгенге түсіретін аппарат болғанымен, неге соны пайдалана алмаймыз? Өзіміз әзер жүргенде  неге  қалаға салпақтатып жібереді? Көптеген жеңілдікті сіздерден естіп, біліп отырмыз. Өзім секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған шаралардың қолға алынғандығына ризашылығымды білдіремін. Арнайы жүздесуге келген мамандарға алғысым шексіз».

Әр ауылдық округтен алқа мүшелері сайланып, айтылған ұсыныс-пікірлер қаперге алынды. Әлбетте, мүмкіндігі шектеулі жандар назардан тыс қалмауы тиіс. Ендеше, олар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға  немқұрайлы қарамай, әркез қолдау білдірсек, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Кәмшат ӘБІШ.

Суреттерді түсірген автор

Ауданда 1171 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 96-сы І топ, 442-сі ІІ топ, 497-сі ІІІ топ, 136-сы бала күннен мүмкіндігі шектеулі жандар .

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT