Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН САЙЫС

Тіршілікке жан бітіріп, жер жаһанды жаңартатын, көгілдір көктемнен бастау алатын Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Сағыз ауылдық округі жанынан құрылған Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен "Жомарт" мейрамханасында "Отбасым-құтты мекенім" атты отбасылық сайыс болып өтті.Мақсаты - үлгілі отбасыларды құрмет тұтып, келешек ұрпаққа өнеге ету. Шараны әнші, асаба Асылан Жалғасбаев пен аталмыш кеңес мүшелері кезектесіп жүргізді.

Бес бөлімнен тұрған сайыстың таныстыру кезеңінде алғашқы болып өнер көрсеткен Исамбердиевтер отбасының тірегі-Қайырбай ақсақал ынтымағы жарасқан отбасының мүшелерін өзі таныстырды. Қалған "Тату үйдің тамағы тәтті", "Білімдіге дүние жарық"(ұмытылып бара жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз бойынша сұраққа-жауап), "Баталы құл-арымас" (әртүрлі жөн-жоралғы бойынша бата беру), "Шебердің көзі-мерген"(қолөнер бұйымдарын дайындап әкеліп, жасалу жолдарын түсіндіру) бөлімдерінде бақ сынаған Сағыновтар, Сатыбалдиевтер, Махановтар отбасыларының тыңғылықты дайындалып келгендері бірден байқалды. Өте жоғары деңгейде өткен шара қазылар алқасының шешімімен Исамбердиевтер "Мерейлі отбасы," Сағыновтар "Берекелі отбасы", Махановтар "Өнегелі отбасы," Сатыбалдиевтар "Өнерлі отбасы" атанды. Сайыскерлерді Сағыз ауылдық округі әкімінің орынбасары Әйгерім Кеңесова мен Аналар кеңесінің төрайымы Ғафура Жанбосынова марапаттап, округ әкімінің Алғыс хатын табыстады. Демеуші кәсіпкерлер Ақмарал Ержанова, Салтанат Таспанова, Нұргүл Ысқақова, Ақмарал Досымбаева, Әлия Таумұқановаларды бағалы сыйлықтармен мадақтады. Шараның қазақи дәстүрмен өтуіне байланысты емін-еркін отырып, әңгіме-дүкен құруларына жағдай туғызып, өзінің кең сарай, ақ ордасын тегін ұсынған "Жомарт" мейрамханасының иесі Ұлжан Жазиттің мәрттігіне дән риза болдық. Осындай игі істердің қашанда басы-қасында жүретін ақын, Кенбай орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мүғалімі Айнагүл Темірболатова "Өткізіліп жатқан бұл шараның тәрбиелік мәні зор. Отбасы құндылығын сақтауда осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз" деген пікірін білдіріп, Махановтар отбасына ақшалай сыйлық ұсынды. Сонау 90-шы жылдары Сағыз ауылының атын аудан, облыс, республика көлеміне аты-шулы "Наурыз" тобымен танытқан сазгер, "Шұғыла" мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Әбдіғаппар Темірханов, осы ұжымға жас болса да бас бола білген, талантты өнер иесі, республикалық, Халықаралық байқаулардың лауреаты Ғибадат Тұрғалиев, әнші Мәншүк Мерғалиевалардың жанды дауыста салған әндері көпшіліктің көңілінен шыға білді. Сонымен қатар, аналар кеңесінің мүшесі, Сағыз орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Рысты Нұрсанова халық әні "Дедім-айды" баянның сүйемелдеуімен тамылжыта шырқады. Сатыбалдиевтар отбасының әншісі Данияр, балғын күйшілер Бүркіт пен Құрметтің орындауындағы әсем ән мен тәтті күйі көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Сайып келгенде, тамаша өнегелерін ортаға салып, сайысқа қатынасқан әрбір отбасы ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымыз бен отбасындағы үлгі-өнегелерін насихаттағандарына таң тамаша болған біздің оларға алғыстан басқа айтарымыз қалмады. Осындай тәрбиелік, рухани мағынасы зор шаралардың нәтижесі - өскелең ұрпақтың салауатты да, салиқалы, саналы да елжанды болып өсуіне өз ықпалын тигізері сөзсіз!

Сайран ОРАҚОВА,

Сағыз ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT