Құрманғазы ауданына қарасты Теңіз ауылында “LOTUS FEST – 2025” мәдени-туристік фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ресми бөлімге Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, облыс әкімі Серік Шәпкеновтің құттықтау лебізін оқып берді. Дарын Шамұратов өз сөзінде таңнан бері гүлдеген лотостың сұлулығын көруге 3000-нан астам турист келгенін атап өтті. Олардың қатарында еліміздің батыс өңірлерінен және көршілес Ресей Федерациясынан келген меймандар бар.
– Фестивальдің негізгі мақсаты – өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды насихаттау және туризмді дамыту. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарда бар. Айта кетерлігі, Қазақстанда лотос табиғи жағдайда тек Қиғаш өзенінің сағасында – Құрманғазы ауданы аумағында ғана өседі. Сондықтан бұл фестиваль ел ауқымындағы ерекше әрі бірегей оқиға болып саналады, – деді Д. Шамұратов.
Фестиваль аясында Астрахань облысынан келген Құрманғазы атындағы Өңірлік мәдениет орталығы қонақтарға мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ жергілікті әртістердің қатысуымен театрландырылған көріністер қойылып, танымал би топтарының өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Фестиваль қонақтарының облыс орталығына барып-келуін жеңілдету мақсатында арнайы автобустармен тасымал ұйымдастырылды. Еске сала кетейік, Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Теңіз ауылында «LOTUS FEST – 2025» халықаралық мәдени-туристік фестиваль басталды. Фестивальдің басты ерекшелігі – сирек кездесетін лотос гүлдері өсетін табиғи аймақта өткізілуінде. Құрманғазы ауданы – Қазақстандағы лотос гүлдері жабайы түрде өсетін жалғыз өңір. Бұл көрініс жыл сайын шілде айының ортасынан тамыз айының соңына дейін Қиғаш өзенінің сағасында ғана байқалады. Фестиваль аумағында 20 киіз үйден тұратын этноауыл тігіліп, туристерге қызмет көрсетілуде. Сонымен қатар облыстың барлық аудандарынан және көршілес мемлекеттерден келген кәсіпкерлердің қатысуымен ұлттық өнер мен қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Шетелдік қонақтар театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар мен салт-дәстүр көріністері арқылы қазақ халқының мәдениетімен танысуда. Фестивальға келушілерге лотос гүлдерінің арасында экскурсия, фотозоналар, атпен серуендеу, қайықпен жүзу, гастрономиялық және фото байқаулар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Ал іс-шара концерттік бағдарлама және от шашумен аяқталады.