Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті.
Аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысқан салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қанат Әзмұханов: – Егемен елімізде халықты әлеуметтік қорғау саласы – мемлекеттік саясаттың маңызды буындарының бірі болып саналады. Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында көптеген бағдарламалар жүзеге асуда. Осы бағдарламаларды орындауда әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында келесі жылдан бастап әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне маңызды өзгерістер енгізіп, халықты әлеуметтік қорғау ісін жетілдіру қажеттігіне тоқталған болатын. Айтылған жаңа міндеттерді жауапкершілікпен жүзеге асыруда әлеуметтік сала қызметкерлері сапалы қызмет үлгісін көрсетеді деген сенімдемін. Бүгінгі кәсіби мерекеде осы салада ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлерімізге де айрықша құрмет білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, бақыт, береке, еңбекте табыс тілеймін, - деді. Бұдан кейін аудан басшысы мерекеге орай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Бақтығұл Тәжіғали, жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесінің психологы Ақмарал Құсанова, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Амангүл Сәрсенова, аталмыш орталықтың Тасшағыл ауылдық округі бойынша ассистенті Сержан Қайырғалиевтарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Салтанатты жиында аудан әкімі Қанат Әзмұханов «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауының лауреаты Жаңабаевтар отбасын, «Жомарт жүрек» қайырымдылық сыйлығының «Туған өлке» номинациясының иегері Қайырбек Баймұратовты сахна төріне шақырып, аудан абыройын асқақтатқандары үшін аудан әкімінің құттықтауын тапсырып, тоңазытқыш және естелік сыйлық сыйласа, Үндістан елінде кір тасын көтеруден өткен Әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, еліміздің көк Туын желбіреткен Ришат Ғалиахметовке 500 мың теңгенің сертификатын табыс етіп, алғыс хатпен марапаттады.
Сондай-ақ, мерекелік шарада аудандық мәслихат депутаты Айбар Алтыбаев мерекелік лебізін білдіріп, Әлия Өтетлиева (аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің есепшісі)мен Гүлсім Кашимоваға (аудандық жұмыспен қамту орталығының Жамбыл ауылдық округі бойынша ассистенті) аудандық мәслихат хатшысының алғыс хатын табыс етсе, Гүлбақыт Ақылбайқызы (аудандық жұмыспен қамту орталығының Мұқыр ауылдық округі бойынша ассистенті), Жанаргул Талғатқызы (жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман), Ақмарал Түзгенбайқызы (аудандық жұмыспен қамту орталығының Тайсойған ауылдық округі бойынша ассистенті) аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының алғыс хатына ие болды. Шара соңында «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары мереке иелеріне арнап әннен шашу шашты.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.
Суреттерді түсірген автор