Сейсенбі күні Миялы спорт кешенінде Теңге күні мерекесіне орай қаржы саласының қызметкерлері арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Жарыстың ашылу салтанатында Мемлекеттік Әнұран ойнатылып, аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков құттықтау сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұдан кейін волейбол сайысына қатысқан қаржыгерлер «Табыс», «Теңге», «Миллиард», «Бюджет» және «Миллион» командаларын құрып, өзара бақ сынасты. Нәтижесінде, «Теңге» командасы І орынды жеңіп алса, «Миллиард» командасы ІІ орынды, «Табыс» командасы ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы медаль, диплом, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Осылайша, спорттық сайыста бақ сынаған қаржыгерлер төл мерекелерінде бір серпіліп қалды.
Түстен кейін мерекелік шара аудан әкімдігінің үлкен мәжілісінде ұйымдастырылған салтанатты шарамен жалғасты. Онда сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков:
– Бүгінгі күн ерекше мәнге ие тарихи күн. Елтаңба, Әнұран, Ту секілді теңге де еліміздің дербестігінің символы. Ұлттық валютамызды ұлықтау мемлекетімізді ұлықтағанмен бірдей. Мемлекетіміздің мәртебесін биіктетіп, мерейін үстем ету мен ел дамуының темірқазығына айналдыруда қаржыгерлердің кәсіби қызметінің қаншалықты маңызды екендігі айтпаса да түсінікті. Осы орайда, бүгінгі төл мерекелеріңізде ауданымызды өркендетудегі абыройлы еңбектеріңізді, білікті қызметтеріңізді айрықша атап өтемін. Сондай-ақ, ауданның қаржы саласында ұзақ жыл тер төгіп, жемісті еңбек еткен ардагерлерге де құрметіміз ерекше. Сіздердің жоғары кәсіби қабілеттеріңіз бен қажыр-қайраттарыңыз әрдайым лайықты бағаланады. Бүгінгі мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді.
Бұдан соң, ол аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің есепшісі Әйгерім Тасжанова, Ойыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Гүлзура Тілеулесова, «Шалқыма» мәдениет үйінің есепшісі Шамшырақ Таспановаларды аудан әкімінің алғыс хатымен, аудандық қазынашылық басқармасының қаржылық және шарттарды тіркеу тобының бас маман-бас қазынашысы Әсел Қожахметованы облыстық қазынашылық департаментінің Құрмет Грамотасымен, Жангелдин ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Гүлфайруз Есқалиева, аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Гүлназым Сабекенова, аудандық жұмыспен қамту орталығының есепшісі Дастан Нұржекеновтерді облыстық қаржы басқармасының алғыс хатымен марапаттады.
Сондай-ақ, мерекелік шарада аудандық мәслихат хатшысы Альберт Аққайнанов пен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Құралай Сәлімгереева сөз сөйлеп, кәсіби мереке иелерін құттықтады. Салтанатты жиында қаржы саласының ардагері Мағия Алпанова мен бір топ сала қызметкерлері аудандық, облыстық мәслихаттың, аудандық экономика және қаржы бөлімінің алғыс хатына ие болды. Шара соңында, «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті.
Бауыржан САҚТАСИНОВ