Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ӘЛЕМ ТАНЫҒАН БАЛЖАН

Таяуда, Астана қаласында V дүниежүзілік көшпенділер ойыны өткені баршаға мәлім. 89 ел қатысқан дүбірлі дода еліміз үшін есте қаларлықтай деңгейде болып, ойынды 43 алтынмен аяқтады. Осы ойында біздің жерлестерімізде бақ сынап, өз өнерлерін паш етті. Соның бірі – «Аламан құрақ» жобасы бойынша сынға түскен Балжан Мизамқызы.

«Аламан құрақ» жобасына 450 құрақшы қатысқан. Жерлесіміз Атырау облысының атынан қатысқан алты құрақшыдан тұратын топтың мүшесі. Жастайынан анасының шеберлігін көріп, талантын бойына сіңірген Балжан апамыз бүгінде, «Арман» мәдениет үйінің әншісі, одан бөлек осы мәдениет саласындағы өнерпаздарға түрлі кастюмдер тігіп, өнер адамдарының сахнада жарқырап жүруіне септігін тигізіп жүр. Осы дүбірге толы додаға, бір жылдан астам уакыт дайындалған ол, биіктерді бағындыратынына сеніммен қарайды. Олай деуімнің себебі, құраған құрақтары мән-мағынаға толы, жансыз зат болса да өзіндік айтар ойы бар өнер туындысы болған. Аламан деген атқа сай ақ пен қызыл түстерді басымдау пайдаланған. Ақ түс – еліміздің дархандығын, кең пейілділігін білдірсе, қызыл түс – тіл-көзден, сыншылардан сақтасын деген мағынаны білідіреді. Құрақ көрпесіндегі ортада орналасқан қошқар мүйіз – төрт түлігіміз түгел, төрт құбыламыз тең болсын дегенді білдірсе, жасыл ою-өрнектер еліміз өсіп-өнсін, көркейсін, жапырағы жайылсын деген мағынада дайындалған. Бірнеше ай бойы көз майын тауысып дайындаған көрпелерді, қаздай тізілген ақ жаулықты аналар, төрлетіңіздер деген ниеттен туындыған. Бір мезетте кілем тәріздес жайылған 450 көрпенің көлемі 11200 шаршы метрді, ені бойынша 16 қатар – 40 метрді, ұзындығы бойынша 28 қатар – 252 метрді құрап барша жұртты таңқалдырды. Осылайша жерлесіміздің бақ сынаған құрақшылар тобы Қазақстанның «КИНЭС» рекордтар кітабына және әлемдік «Гиннес» рекордтарттар кітабына енді. Бұл ретте, Балжан Мизамқызы:

– 89 ел қатысқан ойынға шығып, өз өнерімді көрсету мен үшін мәртебе. Атырау облысы бойынша ісмер, құрақшылар жиналып, осы жобаға дайындалуды шештік. Осы шешімімізге еш өкінбейміз. Еткен еңбегіміздің жемісін көрдік. Күн-түн демей жасаған 450 көрпемізді қатарластырып жайып жібергенде, кілем тәріздес көрпелерді көргенде тебіренбеген адам қалмады. Біздің жобаға қатысудағы мақсатымыз – халқымыздың асыл мұрасын, салт-дәстүрін, ұлттық құндылығын ою-өрнек арқылы жеткізіп, оны лайықты түрде насихаттау. Барша құрақшылардың басын қосып, осындай үлкен жобаның негізін қалаған Нұргүл Абайхан мен дизайнын жасаған Аселина Батырға айтар алғысым шексіз. Осы жетістігімді ауданымыздың торқалы 80 жылдық тойына арнаймын, - деп ағынан жарылды.

Ендеше, аудан абыройын асқақтатқан Балжан Мизамқызының шығармашылығына шалқар шабыт тілейміз!

Ақнұр ДҮЙСЕНҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521