Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚУАНЫШҚА БӨЛЕГЕН КҮН

Бүгін Миялы ауылында 22 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Бұл ретте, көпбалалы отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, мемлекеттік қызметшілерге, үйі апатты жағдайда тұрған отбасына және әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатына жататындарға жаңа баспана кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Баспаналы болған тұрғындардың қуанышына ортақ болған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Көтеріңкі көңіл-күйде өздеріңмен кездесіп жатқаныма қуаныштымын. Мен сайлауалды бағдарламамда 360 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету межесін белгілеген болатынмын. Міне, бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарламалар аясында облыс әкімінің қолдауымен сол жұмыстар жүзеге асып жатыр. Биыл жаңадан салынған 80 үйді тапсыратын болсақ, келесі жылы 150 тұрғын үйді тапсыруды жоспарлап отырмыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қашанда бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жетістіктерге жете берейік. Ауданымыз, дами берсін, қоныстарыңыз құтты болсын! - деді.

Бұдан кейін Миялы ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Жаубасар Мұқанбетов жаңа баспананың кілтіне ие болған тұрғындарды құттықтап, батасын берсе, алғаш болып жаңа баспананың кілтін қолына алған Гүлсағима Сауытова:

«Талай жылдан бергі арманыма бүгін қол жетті. Қуанышымда шек жоқ, қатты толқып тұрмын. Үйімнің жоқтығын айтып, қабылдауына кіргенде аудан әкімі менің бұйымтайымды тыңдап, көмектесуге уәде берген еді. Міне бүгін сол уәдесіне тұрып, маған баспана кілтін тапсырды. Отбасымның атынан рахмет айтып, бастаған істеріңізге сәттілік тілеймін» деді.

Шара барысында әжелер шашу шашып, аудан әкімі бастаған қонақтар жаңа қоныс иесі Индира Жакупованың үйіне кіріп, дастарханнан дәм татты.

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT