Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Халел Досмұхамедов – ұлы мұрат жолында

Өткен аптаның бейсенбісі күні Атырау қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көсемі, профессор Халел Досмұхамедовтың 135 жылдығына орай, «Халел Досмұхамедов – Ұлы мұрат жолында» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Оған Ресей, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан мемлекетінен келген тарихшылармен бірге, елімізге танымал зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, халелтанушылар, ғалымның ұрпақтары қатысты. Сондай-ақ, профессор Халел Досмұхамедовтың туған өңірі – Қызылқоға ауданынан аудан әкімінің орынбасары Марат Абуов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жарас Есенғалиев, Миялы және Ойыл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағалары Жаубасар Мұқанбетов, Мереке Айжарықовтар да аталмыш конференцияның құрметті қонағы болды. Шара алдымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің алдындағы Халел Досмұхамедұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталып, одан әрі салтанат сарайында «Алаштың асыл арысы – Халел Досмұхамедов» тақырыбындағы көрме таныстырылды. Бұдан соң, конференция басталып, алғаш болып сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев конференция қатысушыларына құттықтау тілегін жолдады. Халелдің мұрасын зерттеу бағытындағы мұндай шаралардың әлі де жалғасатынын баяндаған аймақ басшысы:

–Қазіргі жаһандану кезеңінде де сонау жылдары Халел Досмұхамедов бастаған Алаш зиялыларының бастамалары мен идеялары, ел, жер, тәуелсіздік тарихы әрқашан санамызда жаңғырады. Профессордың ғылыми өмірін, оған қатысты барлық мағлұматтарды игерген мамансыздар. Жаңа білім мен жаңашыл ойлар талқыға түсіп, бүгінгі көтерілген мәселелер конференция қорытындысы бойынша шешімін табатынына сенемін, – деді.

Пленарлық мәжілісте жеті баяндама тыңдалып, Халел Досмұхамедовтың сан салалы қырын аша түсті. Айталық, Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсын Хазіретәлі: «Халел – ғалым, саяси қайраткер, педагог-ғалым, қазақ әліпбиін құруға атсалысқан тілші-ғалым. Ол Ташкент қаласында жүрген жылдары шығармашылық жұмыспен қатар, саяси қызметпен де айналысқан. Тіпті, мұнда тұратын қандастарының тұрмыс-тіршілігіне араласып, оларды ұйымдастырып отырған. Бұл тақырып – ғалымдардың терең-терең зерттеуін қажет етеді» деген пікір білдірсе, Қырғызстан елінен келген тарихшы Жұмағұл Байділдеев Халел Досмұхамедов жетектеген «Талап» қоғамының Бішкек-тегі іскерлігіне тоқталды. Бұл орайда, «Қазақ-қырғыз интеллегенциясының байланысшылары» деген атпен кітап шығардым. Мұның ішінде ғалым жөнінде ақпараттар, тың деректер бар, – дейді ол.

Конференция барысында, «Орта мектептерде Алаштану немесе Халелтану бағытында қосымша сабақ енгізілген дұрыс. Алаш көсемінің жерленген жерін табу мақсатында арнайы экспедиция құрылғаны абзал» деген ұсыныс-пікірлер айтылды.

Түстен кейін конференцияға қатысушы тарихшылар мен халелтанушылар Атырау қаласындағы арнаулы оқу орындарында «Халелтану» курстарын өткізіп, студенттерге арнайы дәріс оқыса, Атырау облыстық Халық шығармашылығы орталығында «Алаш арыстары» атты театрландырылған қойылым көрсетіліп, «Арыс» баспасынан шыққан «Халел Досмұхамедұлы еңбектері» ІІІ томдық кітабының тұсауы кесіліп, конференция жұмысы қорытындыланды. Сондай-ақ, Халел Досмұхамедов мұраларын зерттеп жүрген ғалым, ақын-жазушылар Қойшығұл Жылқышиев, Төлеген Жаңабайұлы, Ғабит Базарғалиевтер «Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясына 100 жыл» естелік медалімен марапатталды. Сөйтіп, мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көсемі, профессор Халел Досмұхамедовтың 135 жылдығына арналған ауқымды шара өз мәресіне жетті.

Бауыржан АМАНҰЛЫ.

Суретті түсірген Жайлау ТАЛАСОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521