Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл бастама – қарапайым еңбек адамына деген құрметтің айқын көрінісі.
Осыған орай, Өрлік ауылдық кітапханасында «Еңбегімен ел таныған» жобасы аясында «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі» атты библио-кафе форматындағы тағылымды шара ұйымдастырылды. Шараға ауыл тазалығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген көше тазалаушы апайлар шақырылып, олардың адал еңбегі мен төзімділігі жайында жылы әңгімелер өрбіді.
Кеш барысында қонақтармен ашық сұхбат жүргізіліп, маңдай термен келген табыстың қадірі, еңбек адамының қоғамдағы орны және ел экономикасына қосып жатқан үлесі кеңінен сөз болды. Шараның шырайын кіргізу үшін мақал-мәтел жарысы өткізіліп, еңбек, тәрбие, Отан тақырыптарында ұлттық даналыққа толы сөздер ортаға тасталды. Жұмбақтар жасырылып, қатысушылардың белсенділігі мен тапқырлығы байқалды. Қонақтар арнайы дайындалған дәмнен ауыз тиіп, кітапхана атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
Сонымен қатар, қатысушылар «Еңбек еткен, мұратқа жеткен» атты тұрақты кітап көрмесімен танысты. Ауданнан және "Орденді Өрлік" ауылынан шыққан еңбек ардагерлері жайлы жазбалар мен деректерді парақтап, еңбек майталмандарының өмір жолынан тағылым алды. Көркем әдебиет сөрелерінен өздеріне ұнаған кітаптарды таңдап, оқуға жазылып кетті. С.Халықовтың «Жанымның жалауы», С.Минайханның «Жеңілмейтін махаббат», Ж.Жанапянованың «Ана» атты туындылары оқырман қолына жол тартты.
Шараның мақсаты – қарапайым еңбек адамын насихаттап, оқырмандарға елге еңбегімен танылған тұлғалар туралы мағлұмат беру, жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, еңбек ардагерлеріне деген құрметті арттыру.
«Еңбек бәрін жеңбек» деген халық даналығын ту еткен еліміздің болашағы да білім мен еңбекке сүйеніп қалыптасады. Адал еңбектің бағаланған заманы – әділетті қоғамның бір белгісі. Еңбектің наны әрқашан тәтті, ал ел үшін аянбай еңбек еткен жандардың еңбегі әрдайым еленуге лайық!
"Дендер"-Ақпарат