Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

"AtyrauPress" кейіпкері болған пошташының арманы бір күнде орындалды!

Қарапайым жұмысымен елге танылған пошташы Жұмажан Бегалиев туралы материал жарияланғаннан кейін, бейжай қарамаған атыраулықтар оған заманауи велосипед сыйға тартты. Осылайша, оның көптен бергі арманы бір күннің ішінде орындалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Пошташының арманы жайлы жарияланған материалдан кейін оқырмандар бірден үн қосты: жергілікті тұрғындар мен жанашыр жандар бірігіп, қаражат жинап, Жұмажан ағаға заманауи велосипед алып беруге ниет білдірді. Алайда бұл игі іске алғашқылардың бірі болып танымал «Romantic» гүл салоны атсалысты. Артық жарнамасыз, дабырасыз, компания сыйлығын Жұмажан ағайдың жұмыс орнына өзі жеткізіп берді.

«Romantic» гүл салонының сату бөлімінің жетекшісі Әділбек Темірбековтің айтуынша, мұқтаж жандарға көмектесу — әрбір кәсіп иесінің азаматтық парызы. Себебі кез келген бизнестің ең басты құндылығы — адамдар. Олар компания табысының негізін құрайды.

«Бұл жарияланымды көрген бойда пошташыны қуантуды жөн санадық. Көп ойланбастан оған жаңа заманауи велосипед сатып алдық. Біз үшін тек бизнес жүргізу ғана емес, қоғам дамуына үлес қосу да маңызды. Сондықтан да мүмкіндігінше көбірек қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруға тырысамыз. Әлеуметтік жауапкершілік – бұл жай ғана парыз емес, қоғаммен сенімді қарым-қатынас орнатудың жолы. Көмекке мұқтаж жандарды алдағы уақытта да қолдай беретін боламыз», – деп атап өтті ол.

Жұмажан Бегалиевке велосипед табысталған сәтте, ол толқынысын жасыра алмады. «Мұндайды күтпедім де. Бұл – шексіз бақыт. Әлемде осындай қайырымды адамдар көп екенін сезіну – керемет әсер. Баршаңызға алғысым шексіз», – деді ол. Енді оның жұмыс күндері жеңілдей түспек, ал хат-хабар жеткізу уақыты бұрынғыдан жылдам болады. Бұл оқиға журналистиканың ықпалы зор екенін және жақсылықтың әрқашан қайтып келетінін тағы бір дәлелдейді.

Динара Канбетова,

Аударған: Амандық Абдол

Фото: автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT