Еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып, аудан мәдениеті саласында елеулі із қалдырған Аманқос Сабыров көзі тірісінде тарихи жәдігерлерді тірнектеп жинақтап, тағылымы мол музей жасақтауда еселі еңбек сіңірді. "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" деген емес пе?!
Жастайынан әкенің тәлімді тәрбиесін бойына сіңіре білген Рауан әкесі Аманқостың ізгілікті ісін жалғай түсіп, көне жәдігерлерді жинақтап, музейге тапсыруды әдетке айналдырған. Соның бір айғағындай, бүгінде "Ембімұнайгаз" акционерлік қоғамы жаңа техника және технологиялар департаментінің директоры қызметін атқаратын ол сармат дәуірінен кездесетін жүзден аса құнды жәдігерді жан-жақтан тірнектеп жинап, ретіне қарай сатып алып "Хан ордалы Сарайшық" музейіне сыйласа, таяуда өзінің туған ауданындағы музейге бірнеше көне жәдігерлерді өз қолымен әкеліп табыстады. Олардың арасында Миялы ауылының маңынан табылған жебелердің ұштары, жебе ұштарын қайрайтын тас, қола жүзік, сәндік әшекей заттар, ұршық тастары, қыш құмыралар, ескі монета және тағы да басқа жәдігерлер бар.
- Бала күнімнен әкемнің көне жәдігерлерді жинап, музейге қойып жүргенін көріп өстім. Әкеме еліктеп, мен де осындай жәдігерлерді жинауға қызығушылық танытып жүрмін. Біздің ауданның айналасы тарихи жәдігерлерге толы ғой. Бірақ, оларды жоғарыдан келген зерттеушілер табылған жердің музейіне қалдырмай алып кететіні өкінішті. Әлі де болса ауыл ішінде тарихи жәдігерлерді үйлерінде ұстап жүрген азаматтар бар. Соларды құнды жәдігерлерін музейге тапсыруға шақырамын. Себебі, бұл жас ұрпаққа өрісті өнеге сыйлайтын, тарихи тағылымынан сыр шертетін киелі орын,- дейді Рауан Аманқосұлы.
Рауанның игі ісіне шынайы алғысын білдірген аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали мен аудандық музей директоры Нұрбол Түгелбаев: "Рауанның ізгі ісін жалғастыратын азаматтар көп болса игі" деген тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, тарихи геологиялық карталарды, минералды асыл тастарды жинап жүрген Рауан өзі еңбек ететін "Ембімұнайгаз" акционерлік қоғамының бас кеңсесінде көне тарихтан сыр шертетін музей ашуға зор септігін тигізді. Сондай-ақ, колледждегі студенттерге геология мамандығының қыр-сыры туралы дәріс оқып жүрген Рауан көптеген минералды тастарды да колледжге сыйға тартып жүргендігін айта кеткен жөн. Ендеше, тарихтың тағылымына шынайы пейілмен қарап, жанашырлық танытудан шаршамайтын Рауандай азаматтар көп болса игі дейсің.
Бауыржан АМАНҰЛЫ