Өткен аптаның бейсенбісі күні аудандық соттың жылдың 9 айында атқарған жұмыстары бойынша брифинг өтті.
Оған аудандық «Қызылқоға» газеті мен облыстық «Сaspian news» телеарнасының тілшілері қатысты. Брифингті аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Айдын Байназаров ашып, атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, биылғы жылдың тоғыз айында аудандық соттың қарауына 159 іс түскен. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда азаматтық іс 67 іске көбейсе, қылмыстық іс 22-ге тең. Ал, әкімшілік құқықбұзушылық 31 іске артқан. Азаматтық істердің ішінде ең көбі кәмелетке толмаған балаларына алимент өндіру алу.
Бұл бойынша 30 іске сот бұйрығы шыққан. Яғни, қоғамда өз баласына алимент төлеуден қашып жүрген әкелер көп. Сондай-ақ, тұрмыстық, қарым-қатынастан туындаған даулар саны – 19 болса, жер дауы – 1, келісімшарт бойынша берешек өндіру – 11, шығын өндіру бойынша 4 іс қаралып, олардың барлығы қанағаттандырылған. Ал, биылғы жылдың 9 айында 121 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қаралып, 58 тұлғаға әкімшілік айыппұл, 57 тұлғаға әкімшілік қамақ, 5 тұлғаға ескерту, 1 тұлғаға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қолданылды.
– Есептік мерзім ішінде барлығы 31адамға қатысты 23 қылмыстық іс қаралды. 14 іске айыптау үкімі шықса, 1 қылмыстық іске медициналық спиаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылды. 5 қылмыстық іс басқа соттың қарауына жіберілсе, 3 іс процестік келісім жасау үшін прокурорға жолданды. Жыл сайын қылмыстық істерді қараған кезде мал ұрлығы көп болатын. Бір қуанарлығы – биылғы жылы мал ұрлығы бойынша сотқа іс түскен жоқ. Себебі, былтырғы жылдан бастап мал ұрлығы қылмысына жаза қатайған болатын. Әрине, аудандық сотта БАҚ-пен байланыс та тура жолға қойылған. Тоғыз ай ішінде газет беттерінде 16 мақала жарияланса, сот қызметі жайлы 15 дайджест оқырман назарына ұсынылды. Әр түрлі өзекті тақырыптар бойынша 10 дөңгелек үстел мен 3 кездесу ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді, – дейді аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Айдын Байназаров.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН