Қашанда «Елдің атын ер шығарады» деген дана халқымыз қан майданда ерлік көрсеткен ерлерін ұлықтап, есімін жаңғыртуды еш ұмытқан емес.
Соған сай, дүйсенбі күні Миялы және Ойыл ауылдық округтерінде «Даңқ» орденінің толық иегері Шүкір Еркіновке арналған қос бірдей ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Алдымен аудан орталығындағы А. Сарбөпе атындағы паркте өткен шараға аудан әкімі, бөлім, мекеме басшылары, батырдың туыстары мен басқа да құрметті қонақтар қатысты. Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
– Келешек ұрпақ үшін қан майданда кеудесін оққа тосып, ерлігімен көзге түскен батырларды ұлықтау – біздің басты міндетіміз. Бұл орайда, барша қызылқоғалықтар «Даңқ» орденінің толық иегері Шүкір Еркіновті ешқашан ұмытпайды. Қазіргі күні ауданымызда батыр атында бір мектеп, екі көше болса, солардың қатарын бүгінгі ашылғалы тұрған мүсіндер толықтырып отыр. Әрине, бұл батырға көрсетілген құрметтің соңы емес. Алдағы уақытта батыр есімін ұлықтау, ерлігін жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында мәдени-спорттық шаралар жиі өтіп тұрады, – деді.
Аудан басшысының құттықтауынан кейін ескерткіштің ашылу салтанаты өтіп, лента қию рәсімі батырдың ұрпағы Жәрдем Аманқұлұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Каринге жолданды. Бұдан кейін сөз алған батырдың туысы Бөкенбай Ағашин осындай игі іске мұрындық болған аудан басшылығына алғысын білдірсе, белгілі қаламгер, ауданның Құрметті азаматы Төлеген Жаңабаев батырдың майдандағы ерлігі жайлы әңгімелеп, артынша «Ер Шүкір» повесі енгізілген «Шіркін, шындық» кітабын аудан әкіміне сыйға тартты.
Сондай-ақ, шара барысында батырдың қарындасы Бұлжан Шүкірова да сөз сөйлеп, ағасының балалық шағы мен соғыстан кейінгі өмірінен естеліктер айтты. Одан әрі Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің оқушысы Айнамкөз Қармыс «Шүкір Еркіновтың монологын» оқыса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин бір топ әскерге аттанушы жастарға Аманат хат табыс етті.
Батырға арналған екінші мүсін Ойыл ауылдық округіндегі Ш. Еркінов атындағы орта мектептің ауласында орналасып, оның ашылу салтанаты да жоғары дәрежеде өтті. Шараны аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков құттықтау тілекпен ашса, бұдан кейін Ойыл ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мереке Айжарықов пен батырдың қарындасы Бұлжан Шүкірова еңселі ескерткіштің лентасын салтанатты түрде қиды. Ашылу салтанатынан соң ауданның Құрметті азаматы Ұлдай Әйтішова игі тілегін жолдаса, белгілі қаламгер Төлеген Жаңабаев батыр жайлы жазылған кітабын мектеп пен ауыл кітапханасына сыйға тартты.
Кейіннен батырдың туысы Ардабай Жұматұлы да құттықтау лебізін жеткізді. Бұдан соң Ш. Еркінов атындағы орта мектептің оқушысы Темірхан Айболатұлы «Ер Шүкір» өлеңін мәнерлеп оқыса, аталмыш мектептің бір топ оқушысы батырға арналған әнді хормен орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Оқушылардың өнеріне тәнті болған батырдың ұрпақтары оларға домбыра сыйлап, өз алғыстарын білдірді. Шара соңында барлық қонақтар батыр ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті.
Дулат БЕРІК