Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні кәсіби мерекесі қарсаңында Миялы өнер мектебінің ұжымы аудандық жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесінің тәрбиеленушілеріне «Біз біргеміз бәріміз» атты концертік бағдарламасын ұсынды.
Мектеп мұғалімдерінің флешмоб биімен ашылған шара одан әрі мектеп шәкірті Айзере Бауыржанқызының орындауындағы А.Маханбетованың «Менің әжем» әнімен жалғасты. Бұдан кейін кеш қонақтары домбыра сыныбының оқушысы Мұханбетәлі Арыстанбек күмбірлете тартқан Құрманғазының «Адай» күйін, «Сырғалым» және «Айжан-ай» бишілер тобының мың бұрала билеген үнді халқының биі мен «Құрт биін», «Алдар көсе мен бай» ертегісінің үзіндісін тамашалады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балалар мектеп мұғалімі Қарашаш Тілеуғалиевамен бірге құммен әйнек бетіне және тал жапырақтарын ақ қағазға желімдеу арқылы сурет салды.
Мерекелік шара мектеп мұғалімдері Нұрсұлу Мунишева мен Бақыт Тасқынбайдың орындауындағы «Көңілді күн» әнімен аяқталды. Кеш соңында аудандық жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесінің директоры Гауһар Қанашева бөлімше тәрбиеленушілеріне көңілді кеш сыйлаған Миялы өнер мектебінің ұжымына алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі.
Бауыржан САҚТАСИНОВ