Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ АУДАНДАҒЫ ЖҰМЫСПЕН ТАНЫСТЫ 

 Кеше ауданға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев  арнайы іссапармен келіп, алдымен  Миялы ауылының шетіндегі жаңадан салынған көпірдің басында жасалып жатқан жұмыстармен танысты.  Сол жерде хабарлама жасаған аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, аудандағы он ауылдық округтің тоғызы Ойыл, Ноғайты, Сағыз өзендерінің бойында орналасқан.

Биыл Сағыз ауылдық округі бойынша Ноғайты өзенінің 4 шақырым жағалауы бекітіліп, 1 шақырымға дейінгі өзен арнасы тазартылды. Ал, Ойыл өзенінің бойындағы сегіз ауылдық округке барлығы 45 шақырым бөгет соғылып, өзеннің 7 шақырымға дейінгі арнасы тазартылып, кеңейтілді. Аудан бойынша тасқын суға дайындыққа 65 техника, 60 жауынгер, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 37 маманы жұмылдырылды. Жұмыстарды жедел ұйымдастыру, болуы мүмкін су тасқынының қаупін жою үшін 6 жүзу қайығы, 91 мотопомпа, 86 мың қап, 24 уақытша орналастыру пункті, 30 тонна жанармай қоры дайын тұр. Уақытша орналастыру пункттерін тамақтандыру үшін кәсіпкерлермен 13 келісім шарт жасалды. Десек те, шешімін күтіп тұрған мәселелер де бар. Айталық,  Ойыл өзені үстіндегі Кенен көпірінің су өткізгіштігін ұлғайту керек.  Себебі, 2012 жылы пайдалануға берілген көпірдің ұзындығы бар-жоғы – 24 метр. Соның салдарынан былтыр Ойыл өзені қатты тасығанда су өтіп үлгере алмай, аталмыш көпірге зиян келіп, көлік қатынасы үзілді. Сондықтан көпірді кеңейтіп салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Ноғайты өзенінің 4,7 шақырымы Сағыз ауылының ішімен өтеді. Бұған дейін көлік қатынасын тоқтатпау мақсатында су өткізгіш тұрбалары бар уақытша көпір салынған. Алайда, су тасыған кезде аталмыш уақытша көпірді су шайып кетіп, көліктер жүре алмай қалады. Алғашында ол жерге су өткізгіш көлемі кеңдеу мал өткелін (скотопрогон) салу мәселесі қаралды. Бірақ, көктемде ағып келген мұз бен сеңдер оған тұрып қалатындықтан жергілікті тұрғындар көпір салу керектігін талап етті. Сондықтан, Ноғайты өзенінің Сағыз ауылы ішінен өтетін жерге үлкен көпір салу қажет. Бұдан өзге аудандағы «Кезауыз-Қарабау» шлюзін кеңейту де өзекті мәселе. Өйткені канал бойымен келетін су көп болғандықтан көктемде арнасына сыймай жыл сайын Қарабау ауылына қауіп төндіріп келеді. Демек, аталмыш шлюздің Қарабау ауылы ішіндегі су өткізгіштігін кеңейту қажет.  Сонымен қатар, Ойыл, Сағыз, Ноғайты өзендерінің арнасын кеңейтіп, түбін тереңдету жұмыстарын шұғыл түрде аяқтау ләзім. Себебі, аталмыш өзен арналары құмығып, тайызданып кеткен. Соның салдарынан өзен тасығанда  арнасынан шығып кетіп, ауылдық округтерге қауіп төндіріп келеді. 
Аудан басшысының мәлімдемесін мұқият тыңдаған Премьер-Министрдің орынбасары алдың Бозымбаев халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігіне төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған іс-шараларды аяқтап, су тасқынының жоғары деңгейі өткенге дейін қауіпті учаскелерде тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастыруды  және халықты күн сайын ақпараттандырып отыруды тапсырды. Бұдан соң ол бастаған топ Кенен көпіріне барып, Ойыл өзенінің тасу деңгейін бақылады.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT