Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Кадр мәселесіне мән беру керек

Түстен кейін «Шұғыла» мәдениет үйінде Сағыз ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Естай Мақсотов халық алдында есеп берді.

Онда ауыл тұрғындары: «Кенбай орта мектебі таршылық етуде. Сондықтан тағы бір мектеп салынса игі. Жыл сайын айтылып келе жатқан өнер мектебі неге салынбайды?Сағыз ауылдық округі құрамындағы Қоңыраулы мен Кенбай елдімекенін Мұқыр ауылдық округіне, Сарқұмақ, Соркөл елдімекендерін Сағызға берген дұрыс. Жабулы тұрған теміржол өткелін ашу керек. Жаңадан кадрларды дайындау мәселесімен айналысқан жөн. Ауылға полиция қызметкерлерін көбейтіп, қосымша штат ашу қажет. Маңғыстау облысынан ауданға көп жылқы келді. Осы малдар ауру мал ма, сау ма, тексерту керек. Ақтөбе бағытынан келетін тас жолдың бойынан 3 ауылға кірме жол салынып, округтегі «Бәйгетөбе» заңдастырылса деген тілек бар. Ауылда қоқыс төгетін көлік жеткіліксіз. Атылған иттер бірнеше күн алынбайды. Олар ауру таратуы мүмкін. Қоқыс төгетін алаң қоршалуы тиіс. Учаскелік полиция ғимараты ауылдың бір жақ шетінде орналасқан, сол орталыққа көшіріліп, заман талабына сай жабдықталып, жөндеуден өткені дұрыс. Жастар арасында тәртіпсіздіктің көбеюіне ауылда бұқаралық спорттық шаралардың аз өткізілуі септігін тигізіп отыр. Сондықтан спорттық шараларды көбейтіп, оған қомақты қаржы бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді. Сағыз ауылына аурухана керек. Жаңа типтегі вокзал салынуы тиіс. Темір жолдың арғы бетіне өтетін жаяу жүргіншілер көпірі тастай қараңғы. Көз дәрігері аса қажет. Тәртіп мәселесіне бей-жай қарамайық. Былқылдақты елді мекені басындағы ел тарихынан сыр шертетін саябақ иесіз қалды. Сол округ балансына алынса қандай жақсы?!» деген ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Бұдан соң, сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев: «Сағыз ауылында жасалып жатқан жұмыс көп. Мысалы, Сағыз ауылында 21,8 шақырымды құрайтын жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2018 жылы басталған 6,8 шақырым жолдың 6,5 шақырым асфальт жабындысы төселді. Қалған 300 метр асфальт төсеу жұмыстары және жаяу жүргінші жолдары үстіміздегі жылы жүргізіледі. Екінші нысан 2019 жылы басталып, 6,8 шақырым жолдың 1 шақырымына асфальт жабындысы төселді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында былтыр басталған 8,2 шақырым жолдың астыңғы жабындылары төселді. Мердігер мекеме қажетті құрылыс материалдарын тасымалдауда. Жобаны биылғы жылы аяқтау жоспарлануда. Халыққа ауыз су жеткізу сапасын жақсарту мақсатында «КерегенСағыз-Жамансор» топтық су құбырына қайта жаңғырту» жобасы дайындалды Жобаның құны – 956,5 млн. теңге. Аталған жобаларды іске асыру үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстар комитетінің теңгеріміне беру жұмыстары жүруде. «2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша «Кереген» жер асты су қорынан қосымша үш ұңғыманың құрылысы жүзеге асып, аяқталды. Жоба құны – 209, 6 миллион теңге. Қосымша қазылған үш ұңғыма тәулігіне 1440 текше метр су беруде. Нысанның орналасу жері Сағыз ауылының жоғары жағынан белгіленді. Жоба бойынша: 6,67 километр су құбыры, 1,45 километр электр желісі, модульді су айдау ғимараты, су мұнарасы – 50м3 . Резервуар 1200 м3 – 2 дана. Газ құбыры жүргізілмеген 6 елді мекенге (Соркөл, Сарқұмақ, Кенбай, Қоңыраулы, Тасқұдық, Былқылдақты) газбен қамту жұмыстары басталды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Сағыз ауылынан көше жарық шамдарымен жаяу жүргіншілер жолымен бірге құрылысы басталып, биыл аяқталатын болады. Сағыз ауылының 3-ші ауылының электр жүйелерінің құрылысы 2019 жылы басталып, жалғасып келеді. Қазіргі таңда жеке тұрғын үйлерді қосу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылдың I жартыжылдығында құрылыс жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, Сағыз ауылының 1-ші және 2-ші ауылдарының электр желілерін жаңғырту үшін жоба жасақталды. Әлі де жасалатын жұмыстар көп. Айтылған ұсыныспікірлеріңіз қаперге алынып, жұмыстар жүргізілетін болады, - деп жиналыстарда айтылған мәселелер бойынша шараларды қолға алу үшін тиісті аудан әкімінің орынбасары, бөлім, мекеме басшылары, округ әкіміне тапсырма берді.

Жиналыстан соң, аудан әкімі тұрғындармен жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Бауыржан АМАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521