«Арман» мәдениет үйінде өткен жиында Миялы ауылдық округінің әкімі Сәндібек Салықов бір жылдық жұмысын қорытындылап, баяндама жасады.
Жиын барысында сөз сөйлеген ауыл тұрғыны Тарас Қазиев пен зейнеткер Жолдасқали Озғанбаев округ әкімінің жұмысына оң баға беріп, округ бойынша атқарылған жұмыстардың тоқсан сайын газет бетіне жарияланып тұруын, тұрғындардың ауыл тазалығын сақтап, төрт түлік арасындағы мал ауруының жиілеуіне қатысты дезинфекция жұмыстарының дұрыс жүргізілуін сұрады. Сонымен қатар, «Биылғы жылғы қар тоңының жақсы түскенін ескеріп, Ойыл өзенінің сағасын суға толтыру бағытында Ақтөбе облысындағы бөгеттердің бұзылуына ықпал еткен дұрыс. «Бәйсеу» ықшам ауданындағы көшелерге автокөлік жолы төселіп, Жеңіс саябағындағы кей ескерткіштер жаңаланғаны игі» деген ұсыныстарын жеткізді.
Ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
– Соңғы 3 жылда Ойыл өзені тасыған жоқ. Бөгеттер мәселесі де судың бізге дейін жетпеуіне бірден-бір себебінің бірі. Өткен жылы заңсыз бөгеттерді бұзу туралы мәселесі министрліктің алдына бірнеше мәрте қойылып, биыл облыс әкімдігі Үкімет басшысына, яғни Премьер-Министрге жоғарыда орналасқан бөгеттерді бұзу жөнінде ұсыныстарын жолдады. Еліміздің 10 облысында мүйізді ірі қара малдары арасынан инфекциялық ринотрахейт және сиырдың вирустық диареясы ауруы анықталып, тіркелді. Бұл бағытта дезинфекция жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауруға қарсы вакцинаның мемлекеттік бағдарламаға енгізілуін күтіп отырмыз. Өткен жылы Миялы ауылында басталған 11 шақырымдық автомобиль жолы биылғы жылы аяқталады. Сондай-ақ, тағы да 21,3 шақырым жолын салу үшін жоба дайындалды. Ал, «Бәйсеу» ықшам ауданы көшелеріне жол салу қазіргі жүріп жатқан жобада қарастырылмаған. Алайда, 21,3 шақырым жол құрылысы басталған кезде жобаға өзгерістер енгізіп, кірістіруге болады. Қазіргі таңда «Тайсойған» жерасты су қорынан Миялы ауылына дейін 72000 метрлік магистральды су құбырының құрылысына жоба дайындалды. Жол мәселесі кезінде жолаушылар тасымалының мәселесі де айтылып жүр. Өздеріңізге белгілі газ бағасының түсуіне байланысты қалаға қатынау құны төмендеді. Десе де, бұл мәселені шешу үшін былтырғы жылы Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жол ақысының арзан және жол қауіпсіздігі мақсатында Миялыдан қалаға қатынайтын автобус шығару туралы ұсыныс айтқан болатынбыз. Жақында бұл ұсыныстан хабар келіп, конкурс өткізілу қарастырылуда. Алдағы уақытта конкурс нәтижесі бойынша қаладан «Атырау-Мұқыр-Сағыз-Миялы» бағытында жолаушылар тасымалдайтын автобус шығарылатын болады. Соның нәтижесінде, жол құны түседі деп ойлаймыз. Қазіргі таңда жасалып жатқан жұмыстар көп жағдайда әлеуметтік желілерде жарияланып жүр. Алдағы уақытта газет бетінде көрсету жұмыстарын күшейтетін боламыз, - деді.
Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ