Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Кәусар» тігін ательесі ашылды

Кәсіпкер Анар Оразбаева балалық шағының арманына бүгінгі күні қол жеткізді. Ол тігуді бала күннен жақсы көретін.

Сол арманы мектеп бітірген соң Алматы технологиялық университетіне алып барды. Университетте жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технолог-конструкторы мамандығы бойынша тәлім алған Анар Атырау сервис колледжінде екі жыл студенттерге мамандығы бойынша сабақ береді. Осыдан бірер жыл бұрын өз қаражатына тігін цехының құрылысын салуды қолға алған ол жақында бітірді. Өткен аптада «Кәусар» атын иеленген тігін ательесі ауыл қонақтары мен тұрғындарының қатысуымен ашылып, өз жұмысын бастады. Кәсіпкер Анар Оразбаеваның айтуынша, аталмыш нысан отбасының қолдауымен іске асырылуда. Мұнда әзірге әйелдердің киімдеріне сұраныстағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әкелген маталарымен қажетті киімдерін тігіп береді. Қажетті құрал-жабдықтары алынып, бір көмекшіні үйретуде. Алға қарай жұмыс жасау аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Тігін ательесінің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев:

– Мемлекетіміздің кәсіпкерлік бағытта қабылдап жатқан бағдарламалардың басты мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторында өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу болып табылады. Осындай қолдаулардың арқасында ауданымызда кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Соның біріне бүгінгі күні өздеріңіз куә болып отырсыздар. Бұл өз жұмысымен ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандырады деген ойдамыз. Сондықтан, аудан әкімі атынан кәсіпкердің қадамына сәттілік, еңбегіне табыс тілеймін, – деді.

Бұдан кейін сөз сөйлеген аудандағы қолөнер шебері, ақ жаулықты әже Дариға қажы жас кәсіпкердің бастамасына қолдау көрсетіп, өнімдері ұлттық нақышта өрілсе деген тілегін жеткізіп, ақ батасын берді. Нысанның лентасын қию құрметіне облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Гүлсім Шоханова мен кәсіпкердің анасы Асыл Қалиева ие болды. Әжелер шашу шашқан соң келген қонақтар кәсіпкердің жұмысымен танысып, дәмнен ауыз тиді.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT