Сейсенбі күні «Арман» мәдениет үйінің фоесінде «Ұлы дала жауһары» атты көшпелі көрме өтті.
Көрмені ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қоры ұйымдастырды. Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
– Тарихи құндылықтарды жинақтап, зерттеп, насихаттау мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен 2017 жылы аудандағы Миялы қорғандар тобына жататын археологиялық ескерткіштерге жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, Миялы ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерден алтын киімді сармат әйелі табылып, оның реконструкциясы жасақталды. Бүгінгі көрмеде өз жерімізден табылған көне жәдігерлеріміз туралы толық ақпарат ала аламыз, - деді.
Бұдан кейін сөз алған өлкетанушы, ауданның Құрметті азаматы Құмар Хасанов қойнауы жұмбаққа толы Қызылқоға жерінен әлі талай тарихи құндылықтар табылатынын тілге тиек етіп, мұндай өте құнды жәдігерлер тек қана қазақ жерінде табылып жатқанын жеткізді. Ал, «Ұлы дала жауһары» реконструкциясымен таныстырған облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы Ерлан Тілекқабыловтың айтуынша, қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер Қазақстан аймағында бұрын соңды табылмаған, ерекше құндылықтар. Алтай мен Атыраудың арасын мекен етіп, Батыс өңірінде кеңінен тараған сақ-сармат жауынгер әйелінің экспозициясына «Ұлы дала жауһары» деген атау берілді.
– Қайың ағашының қабығымен жауып, жерленген адам сүйегі жанында ұшы темірден жасалған садақтың жебелері, белінің тұсында матаға бекітілген белбеудің жапсырмалары, сары түсті металдан жасалған киімнің жапсырмалары пирамида, ою және ұшқан құстың бейнесінде бейнеленген. Табылған зергерлік бұйымдар мен құндылықтар сол заманда Каспий теңізі маңайын мекендеген көшпенділердің мәдениеті мен қолөнерін айғақтайды, - дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы Ерлан Тілекқабылов.
Шара соңында аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев өлкемізден табылған тарихи құнды жәдігерді сараптамалық зерттеулерден өткізіп, реконструкциясын жасатып, «Ұлы дала жауһары» көшпелі экспозициясын ұйымдастырған облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымына алғыс хат табыс етті.