Халықтың аудан басшыларымен кездесу кезінде жиі көтерілетін мәселелердің бірі – Сағыз, Миялы ауылдық округтерінен басқа округтерге спорт кешенін салу болатын. Осы мәселенің оңтайлы шешілуін қолға алған аудан басшылары облыс әкімдігімен келісе отырып, биыл Тасшағыл, Ойыл ауылдық округтеріне спорт кешенін салуды жүзеге асыра бастады.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат Нығметовтің айтуынша, Тасшағыл ауылынан салынатын спорт кешеннің жоба құны 539,3 миллион теңге. Ғимарат көлемі 25×42 метр. Онда футбол, баскетбол, волейбол, бокс, күрес залдары бар. Сыйымдылығы 150 орындық.
– Ал, Ойыл ауылдық округінің орталығы Жасқайрат ауылындағы спорт кешенінің көлемі Тасшағыл ауылында спорт кешенмен бірдей. Онда жоғарыдағыдай залдар қамтылған. Екі спорт кешеннің де құрылыс жұмыстары 8 айды құрайды. Қазіргі кезде мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алуды жариялау ұйымдастырылуда, - дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат Нығметов.
Айта кетейік, ауданда 30 мыңнан астам халық болса, 9421 тұрғын спортпен тұрақты түрде айналысады. Сондай-ақ, ауданда былтыр 32 спортшы «ҚР спорт шеберлігіне үміткер» атағын қорғады. Жалпы, Қызылқоға ауданының әлемдік аренада асқақтатып жүрген спорт саңлақтары бүгінде облыс, республика мерейін үстем етіп келеді.
Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ