Биыл өр суы Қызылқоға ауданына көп мөлшерде келіп, Ойыл өзенінің бойында орналасқан барлық округке жетіп, аудан тұрғындарына қуаныш сыйлап жатқаны анық. Соның ішінде, өр суының Тайсойған ауылына жетуі ерекше бір шаттық.
Қазіргі таңда, Тайсойған ауылдық округінде 29 наурыз -1 сәуір аралығында келген судан ауылды қорғау мақсатында, ауқымды жұмыс жасалды. Бүгінде, аудан басшысы Қанат Әзмұханов бастаған төтенше жағдай жөніндегі штаб барлық округпен бірге Тайсойған ауылын суды қорғауды басты назарда ұстап, бөгет тұрғызу үшін техникалар бөлуді қамтамасыз етті. Соның арқасында, 1 гидромек, 2 погрузщик, 1 МТЗ-92, 3 МТЗ-82 техникаларының көмегімен бұрынғы 3,8 километр бөгет биіктетілсе, жаңадан 5 километр жерге бөгет тұрғызылды. Бөгеттердің биіктігі - 3,5 метр. Сондай-ақ, Қызылқоға аудандық төтенше жағдайлар бөлімі арқылы бөлінген 7 мың қапшыққа құм толтырылып, соның ішінде 5 мыңы бөгет тұрғызуға пайдаланылды. 2 мың қапшық сақтаулы. Тайсойған ауылдық округінің әкімі Төреш Қозбақовтың айтуынша, мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары, еріктілерден құралған 70-ке жуық адам жұмылдырылып, тасқын судан ауылды қорғауға белсене атсалысты. Арнайы техникалардың, халықтың ауызбіршілігінің арқасында, көптен су бармаған Тайсойған ауылының оңтүстік-батысындағы "Жаман аша" арнасына су шығарылды. Зардап шеккен қожалықтар мен малдан шығын тіркелмеген. Сұлтан уәйіс ата қауымы су басқанымен қауіп жоқ. Қауіп сейіліп келеді. Қазіргі таңда, ауыл тұрғындары жайылымдық жерлерге су шығып, малға азық көбейеді. Жерасты суы молая түседі деген сенімде.