Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚАЙЫРБЕК – «ҮЗДІК ҰЛТТЫҚ СПОРТ ЖАНАШЫРЫ-2022»

     Таяуда, Алматы қаласында Қазақ спорт және туризм академиясы мен республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының ұйымдастыруымен еліміздің абыройын асқақтатып, көк туымызды көкке көтеріп жүрген еліміздің ең үздік спортшыларын, бапкерлерді, спорт жанашырларын және ұстаздарды марапаттау рәсімі болып өтті. Қазақ спорт және туризм академиясында өткен шараға қазақ спортының саңлақтары Серік Нұрқазов, Асылбек Қилымов, Ермахан Ибраимов, Ерғали Мұхиддинов, Жомарт Сабыржановтар арнайы келіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздіктерді марапаттады.

            Арнайы тағайындалған елуге жуық номинацияның ішінен жерлесіміз, облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Қайырбек Баймұратов «Үздік ұлттық спорт жанашыры-2022» номинациясын иеленді. Жерлесімізге марапатты бокстан Кеңес Одағының чемпионы Асылбек Қилымов пен бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбыраймов табыс етті.

            Сондай-ақ, келесі күні «Qazaq Golden Steed»  Қазақстанда туылған қолтума жылқыларды құжаттандыру компаниясы мен Алматы облыстық бәйге федерациясы «Қазақтың алтын арғымағы-2022» жыл үздіктерін марапаттау рәсімі ұйымдастырды. Онда құттықтау сөз сөйлеген «Qazaq Golden Steed» компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Орынтай Әмірғалиев ұлттық спортты, атбегілікті насихаттап жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп, ұлттық спортты ұлықтап, төл өнердің өркендеуіне және дамуына қосқан ерен еңбегі үшін облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Қайырбек Баймұратовты «Дара тұлға» медалімен марапаттады.

            Ендеше, елімізде ұлттық ат спортын дамытуда зор үлес қосып жүрген Қайырбек Бағытжанұлын марапаттарымен құттықтай отырып, кәсіпкерлік саласындағы еңбегің табысты, баптаған тұлпарларыңыз шабысты болсын демекпіз.

Бауыржан ОҚАСҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521