Бүгін – Алғыс айту күні. Еліміз бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген бұл күннің басты мазмұны қазақ еліне кезіндегі қолғабысы мен қайырымды ісі үшін алғыс айтуды білдіреді.
Түрі, діні, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрлері басқа этнос өкілдерін бөтенсімей, өгейсітпей бауырына басқан қазақтың шексіз мейірімі мен жүрегінің кеңдігін ерекше атап өту керек.
- Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Бұл мереке мен үшін ең алдымен, қазақ жеріне, қазақ халқына шексіз алғыс айту мүмкіндігі. Себебі қазақ халқы қандай заман болмасын, ешкімді ұлтқа, дінге бөлмей, соңғы нанымен бөлісті деп айтуға болады. Тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап келіп, қазақ жерінен пана тапқан өзге этностар қазақ халқына шексіз риза. Олар қазақтың дархан даласынан жылу, пана тапты. Бүгінде біздің ұрпағымыз Қазақстанды өз Отаны деп санайды, - дейді Миялы ауылының тұрғыны Райгүл Стомма.
Таң сәріден бір-біріне алғыс айтумен басталған осындай мерекелік күн баршаға қуаныш сыйлаған берекелі сәтпен ізгіліктің нұрына айналды.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА