Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

"ЕЛСАНАНЫҢ" АУДАНДАҒЫ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз бен тарихымызды дәріптеу мақсатында «Арман» мәдениет үйінде «Елсана» руханият-патриоттық клубының мүшелерімен кездесу өтті.

Жиынға «Елсана» руханият патриоттық қауымдастығының президенті Нұрберген Дәулетов, билер алқасының төбе биі, шежіреші ақсақал Ақмырза Батырхайырұлы, «Алтын адам» марапаттар алаңының төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Рзағалиев, «Бабалар үні» ақылдастар алқасының мүшелері Тілекқос Сүйесінов, Серік Жұбанұлы, «Аманат» әкелер алаңының мүшесі Мәлік Мақсотұлы, «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығының жетекшісі Майра Қожырақова, «Инабат» аналар алаңының мүшелері Айша Айдарова, Зинат Орынбасарова, «Көкжал» әскери-патриоттық алаңының төрағасы Орақ Кенжеғалиев және мүшелері Ғиззат Бисенов, Серікқали Құспанғалиев, «Дәстүр» салт-дәстүрлер алаңының төрайымы Роза Қожамбергенова, «Ғасырлар сыры» күйшілер мен термешілер алаңының төрайымы Жұмагүл Дүйсемалиева, «Саналы ұрпақ» оқушылар алаңының төрайымы Мейрамгүл Тыныштыққызы, «Әлібек» ақындар алаңының тете-төрағасы Арман Жайықбаев, «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығының ақпараттар қызметі маманы Мирас Қабдоловтар арнайы келіп, қатысты.

Алдымен сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

- Шалғай ауданға келіп рухани кездесу ұйымдастырып жатқандарыңызға алғысымды білдіремін. Ауданның дамуына, өркендеуіне барлықтарыңыздың үлесіңіз бар. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, келешек ұрпағымыздың бойына адамгершілікпен қатар салт-дәстүрімізді сіңіре білуіміз қажет. «Дәстүрдің тозығы бар, озығы бар» дегендей, аудан қазақы салт-дәстүрді сақтаған ауыл. Бүгінгі «Елсана» руханият-патриоттық алаңының ауылдан ашылуына қуаныштымын. Алдымызда Наурыз мейрамдары келе жатыр. Сол мейрамдарда ұлттық киім киіп, дәріптесек қандай ғажап, - деді.

«Елсана» руханият патриоттық қауымдастығы 2013 жылы ашылып, биыл қауымдастыққа айналған орталыққа 10 жыл толып отыр. Клубтың мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, тарих, мәдениет, әдебиет, тіл, дін, қолөнер, ұлттық ойын мен салт-дәстүрді жастардың санасына сіңіру, ұлттық патриоттық рухын көтеру.

Осы орайда, «Елсана» руханият патриоттық клубының төрайымы Майра Қожырақова атқарған жұмыстармен кеңінен таныстырып, ауданнан «Бабалар үні», ақсақалдар алқасы, «Аманат» әкелер, «Инабат» аналар, «Дәстүр», «Алтын сақа» ұлттық ойын, «Алаш жастары», «Саналы ұрпақ» оқушылар алаңдары ашылса деген ұсынысын жеткізді.

Ал, аталмыш қауымдастықтың Қызылқоға ауданындағы филиалының төрағасы болып тағайындалған облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов ауданға арнайы келген қонақтарға алғысын білдіріп, алдағы уақытта бірлесе қызмет атқаратындығын жеткізді. Шара барысында, «Дәстүр» салт-дәстүрлер алаңының төрайымы Роза Қожамбергенова сыңғырлаған әдемі даусымен "Алғыс" әнін орындаса, Жұмагүл Дүйсемалиева, Зинат Орынбасаровалар домбырамен, гитарамен тамылжыта ән салды. Кеш соңында ақсақал А.Батырхайырұлы бата беріп, естелік суретке түсіп тарқасты. Құрылғанына 10 жыл болса да көптеген игі істердің ұйытқысы бола білген «Елсана» руханият патриоттық клубы ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттап, кейінгі ұрпаққа үлгі бола бермек.

Кәмшат ӘБІШ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT