Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ІЗГІЛІГІ МОЛ ІЗІМБЕРГЕН АҒАЙ

Әлбетте, қолына қалам алып, жазу-сызуға бет бұрған адам ең әуелі  орта мектепте оқытылатын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мәні мен маңызына үңілетіні ақиқат.

Бізде сол дағдығымен мектеп кезінде басқа пәндерден гөрі қазақ тілі мен әдебиеті пәніне әуес болдық. Осы тұрғыдан алғанда, бізге  5-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін қазақ тілінің қадірін арттырып, әдебиет әлеміне жетелей түскен Ізімберген Тұрғантай, Күләш Бәрібаева, Гүлсім Мырзашева,Жұмақан Төлепов, Клара Құсайынова, Мейрамгүл Аяғанова сынды ағайлар мен апайлардың еңбегі зор. Олар біздің сауатты жазу, тіл байлығымызды молайтып, ой өрісіміздің кеңейе түсуі жолында өз уақыттарын аямады.

Міне, солардың көш басында Гурьев педагогикалық институтын бітіргеннен кейінгі аттай  41 жылын  Миялы және №9 орта мектебінде өз мамандығы бойынша ұстаздық қызмет атқаруға арнаған Ізімберген ағайдың тұрғаны анық. Ол шәкірттеріне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мәнін түсіндіріп, жас ұрпаққа саналы да сапалы тәрбие берді. Ағайдың бір қасиеті – ешқашан ашуланбайтын, оқушыларға сабақты байыппен ғана түсіндіретін. Түсінбеген жағдайда қайта түсіндіруден жалықпайтын. Әрдайым оқушыларға:  «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп данышпандар айтпақшы, әр оқушы тәрбиелі, саналы ұрпақ болып өсуі керек. Ата-ананың үмітін ақтап сабақты жақсы оқу, мұғалімдердің айтқанын мұқият тыңдау, берілген тапсырманы уақытылы орындау, ұқыптылықпен киініп жүру нағыз саналы да тәрбиелі оқушының ісі. Тәртіпке бағынбаған, айтқанға көнбеген баланың баратын жері – түрме. Алла сендерді ондайдан сақтасын. Сондықтан «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген даңқты батыр Бауыржан Момышұлының сөзін жадыларыңнан шығармаңдар, айналайындар!» деп ақыл кеңесін үнемі айтып отыратын. Әрине, ол кезде  «Ағай неге осы сөзді айта береді?» дейтінбіз. Бұл ұстаздың әрбір шәкіртіне айтылар ұлағатты сөзі екендігін есейе келе түсіндік. Бүкіл саналы ғұмырын мұғалім деген мәртебелі атқа лайық болуға арнаған ағай  Ресей, Украина, Прибалтика, Өзбекстан, Польша елдерінде болып, мектептерін аралап, іс-тәжірибе алмасып, білімін жетілдіре түсті.

7ee31aa7-83bd-4d6c-8926-dedec7d9d643

«Ұстаздық еткен жалықпас

Үйретуден балаға» деген Абай ақынның өлеңдерін басты қағида етіп ұстанған ағай мыңдаған оқушыны әдебиет әлеміне жетелеп, ар-ұяты жоғары, рухы биік ұрпақ тәрбиелеуге сүбелі үлесін қосты.

Қашанда, еткен еңбек, төккен тер ескерусіз қалмайтыны белгілі. Бұл ретте, ағай білім беру саласына қосқан үлесі үшін  Қазақстан Республикасы  «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын иеленіп, «Еңбектегі ерекшелігі үшін» медалімен марапатталды. Бұған қоса, «Жоғары санатты мұғалім» деген дәрежесі бар оған «Озық методист мұғалім» атағы да берілген. Сөйтіп, бар ғұмырын ұрпақтарға ұлағат сыйлауға арнаған Ізімберген ағай ақындығымен де танымал. Оның өнегеге толы өлеңдері көзі тірісінде аудандық, облыстық баспасөз беттерінде жиі жарияланып, жазба ақындардың аудандық, облыстық, республикалық мүшәйраларында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ендеше, осынау ұлағаты биік ұстаз, көңілге көрікті ой ұялататын сөз өнерімен өнегесі өрісті өлең өргізген ақын Ізімберген Тұрғантайұлының ізгілікті істерін жас ұрпаққа үлгі-өнеге етсе керемет емес пе?! Соған сай, таяуда «Арман» мәдениет үйінде «Өлкенің ардақты ұстазы» тақырыбында Ізімберген Тұрғантайұлының «Ноғайты, Сағыз – қос өзен» атты кітабының тұсау кесу рәсімі болып өтті.

Кешті аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асқар Ақтаев жүргізіп отырды. Шарада алдымен Ізімберген Тұрғантайұлының өнегелі өмір жолдарынан сыр шертетін видеоролик көрсетілсе, одан кейін сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:

- Ізімберген Тұрғантайұлы ұлағаты мол ұстаз болуымен қатар, өрісті өлең өргізген ақын. Оның көптеген өлеңдері кезінде баспасөз беттерінде жарық көрді. Мысалы ақын  «Не жетпейді біздерге?! Немесе ауылдастарға арнау» атты өлеңі арқылы Сағыз ауылындағы қанды оқиғаларға жаны күйзеледі. Өлең ақынның тірі кезінде жазылғанымен мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ. Бұдан басқа ақынның өмір шындығын бейнелейтін өлеңдері мол. Мұны біз «Сағынышым Сіздерге», «Ноғайты, Сағыз – қос өзен» атты кітаптарындағы өлеңдерінен оқып білдік., - деді.

015b3e7e-91df-4c54-8a0a-748f2ce96baa

Бұдан соң, аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев пен «Шапағат»   үкіметтік емес ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рауан Ізімбергенұлы «Атырау-Ақпарат» баспасынан жарық көрген «Ноғайты, Сағыз – қос өзен» атты кітабының лентасын қиды.
 
Шара барысында, елімізге белгілі әншілер Ғафура Жанбосынова, Зәуреш Жұмағалиева, Есен Құрмашевтар тамылжыта ән салса, «Арман» мәдениет үйінің режиссері Аманқос Нұржан, Х.Досмұхамедов атындағы орта мектептің  оқушысы Ерасыл Мұхтар мен Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Орынхан Қанатбайқызы ақын өлеңдерін көркем тілде мәнерлеп оқып берді. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин, Миялы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаубасар Мұқанбетов, ардагер ұстаз Құмар Хасанов, еңбек ардагері Орынғали Салықов, Жангелдин ауылынан арнайы келген Ізімберген Тұрғантайұлының сыныптасы, әрі әріптесі Тыныштық Кекілбаева, шәкірті Жаңылған Сұлтанғалиевалармен бірге, осы жолдардың авторы  ұлағатты  ұстаздың ізгілікті істерін, өлең өрісіндегі ақындық қырлары туралы естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етсе, кеш иесінің жары Айман, ұлы Рауан мәні мен сәні жарасқан тамаша кештің өтуіне қолдау білдірген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев бастаған басшыларға, кешке қатысып тамаша естеліктерін айтқан барша қатысушыларға алғыстарын жаудырып, рахметін жеткізді.  

Бауыржан СИСЕНОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT