Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеу – кез келген азаматқа беріле бермейтін мүмкіндік. Сайдың тасындай іріктелген ер азаматтар ғана Ұлттық ұлан қатарында сап түзей алады. Сарбаздарға жүктелген басты міндет – ел тыныштығын күзету. Осы орайда, Нұр-Сұлтан қаласындағы 5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген, миялылық Әділ Досқайыровтың шоқтығы биік.
Ол былтырғы жылдың желтоқсан айында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен әскерге шақырту алып, Атырау қаласынан Ұлттық Ұланға қатарына жіберіледі. Үшінші қамтамасыз ету ротасында, 3 взвод дегизатор сарбазы болған оның айтуынша, темір тәртіпке бейімделген жандар ұйқысынан ерте тұрып, жаттығуға кірісіп, тәрбиелік және нұсқамалық сабақтарға қатысады. Тәрбиелік сабақтарда сарбаздар қызмет барысында қала тұрғындарымен, қаладағы заң бұзушы азаматтармен қандай қарым-қатынаста болуды, сондай-ақ өздерінің құқықтарымен және міндеттерімен танысады. Сонымен қатар, әскери қызметтің құндылығы мен жауапкершілігін сезіндіре отырып, әрбір жауынгерді отансүйгіштікке баулу сағаттары да осында жүреді. Сондай-ақ, ай сайын атыс алаңында да сабақтар өткізіліп, ұрыс алаңында қаруды ұстап үйретеді. Бұл тұста, жас сарбаз Әділ Досқайыров:
- Отан алдындағы борышын өтеу – абыройлы міндет деп түсінемін. Ұлттық ұланның әрбір сарбазы ант қабылдап, әскер қатарына кіргеннен бастап Отанына, халқына ақтық демі шыққанша адал болуы қажет. Бұған қоса, ел басына сын сағат түссе мойымай көтеру және де қажет болса жан қию керектігін білетін азаматтар. Өзімнің Ұлттық ұлан сапында болғанымды, елімді қорғай алатын азамат болып туылғанымды мақтан тұтамын. «Анттан аттағаны – ардан аттағаны» дегендей, ант қабылдап, бір жыл әскер шебінде отан алдындағы борышымды өтедім. Әрине, қиыншылық болмады деп айта алмаймын. Бір ротада 117 сарбаз болды. Әр облыс, аудан, ауылдардан келген бозбалалар елдің тыныштығы мен бейбітшілігінің қадірін түсініп, өздеріне артылған үміт пен сенімнің зор екенін сезінді деп толық айта аламын, деп ағынан жарылды.
Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған, кешегі фашизмнің отын өшірген майдангер аталарымыз аманаттаған Отанымыздың тәуелсіздігін қырағы күзету – ең ұлық қызмет пен мәртебе. Демек, сол мәртебені абыроймен көтеріп жүрген әрбір сарбаз Ұлттық ұланның қорғаны, елдің қалқаны екені сөзсіз.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА