«Отан – отбасынан басталады» демекші, әр баланың бойына жастайынан отансүйгіштік, батылдық, қайсарлық қасиеттерін сіңіріп өсірсек, жас ұрпаққа еліміз бен жерімізді еш алаңсыз аманат етіп кетететініміз анық.
Бұл орайда, «Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі. Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі» деген батыр Бауыржан Момышұлының жалынды сөздерінің жаны бар. Демек, отан қорғау - қасиетті борыш. Ал, оны қорғау әр азаматтың парызы. Осы ретте, қандай жұмыстар жасалуда? Міне, сол сауал төңірегінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, майор Анарбек Муталяповпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
- Анарбек Қадырұлы, қорғаныс істері жөніндегі бөлім дегенде біздің ойымызға алдымен мерзімді әскерге шақыру оралатыны жасырын емес. Осы орайда, Сіз басқаратын бөлімнің міндетіне толығырақ тоқталып өтсеңіз?
- Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім аудан көлеміндегі адам және көлік ресурстарын Қарулы Күштер қызметіне дайындау, қажет болған жағдайда жұмылдыру, әскер қатарына шақыру, запастағы офицерлер мен әскери міндеттемелер, шаруашылықтағы техниканың есебін жүргізу жұмыстарын абыроймен атқарып келеді. Бұл тұрғыда бөлімнің жетістістіктері де бар. Айталық, жұмылдыру дайындығы және жалпы қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болып, Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, аудан жастарын әскер қатарына шақыруды ұйымдастыруда және оларды Отанымызды қорғау үшін аттандыруда берілген жүктемені орындауда облыс бойынша алдыңғы орындардың қатарындамыз.
- Биылғы жылы әскерге шақыру қалай жүргізілді, қанша жас әскер қатарына алынды?
- Әскерге шақыру жұмысы Қазақстан Республикасының 2012 жылдың 16 ақпанда №561-ші Заңының 27 бабына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылдың 3 наурызында №827-ші жарлығына сәйкес жүргізіледі.
Әскерге шақыру жұмысы басталар алдында әскерге шақырылушыларды және олардың ата-аналарымен зерделеу жүргізіледі. Әскерге шақыруды өткізу үшін аудан әкімінің қаулысы дайындалады. Нақтырақ айтсақ, әскер қатарына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне - 10, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне - 6 азамат әскерге жөнелтілді.
- Әскерге шақырылушыларға қойылатын талаптар қандай?
- Әрине, ең алдымен денсаулығы әскери қызметке жарамды болуы керек. Сонымен қатар, соттылығы болмауы және моральды-психологиялық жағдайы тұрақты болуы қажет. Физикалық түрде дамыған және де орта, арнаулы, жоғары білімі болғаны жөн.
- Қазіргі таңда, аталмыш бөлімде жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге байланысты нендей шаралар ұйымдастырылуда?
- Бұл бағытта, білім орындарымен тығыз байланыс жасап отырмыз. Атап айтсақ, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте «Жасұлан» әскери патриоттық клубында 30 оқушы тәрбиеленуде. Аталмыш мектепте жас мергендер сайысы өткізілді. Сондай-ақ, «Айбын» әскери патриоттық іс-шарасы болды. Сол жарыстан Х.Досмұхамедов атындағы орта мектеп оқушылары аудандық жарыстан екінші орынды, облыстан ІІІ орынды иеленіп, Республикаға жолдама алды.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі әскери оқу орнында оқып жатқан курсанттар қысқы демалысқа келіп, жоғары сынып оқушылары арасында кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 14 ақпан күні Ауған соғысының ардагерлері М.Сәрсенғалиев және А.Ақбатыровпен оқушылар арасында кездесу өткізілді. Жеңістің 77 жылдығына және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне 30 жыл толуына орай, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясында аудандағы алғашқы даярлық пәнінің мұғалімдері арасында үздік әскери жетекші, әскери спорт жарысы болды. Б.Аманшин атындағы орта мектепте «Ерлік» сабағы шарасы болды.
- Жақында Атырау қаласында бұрын әскерде болғандарға арналған оқу-жаттығу жиыны өтті. Бұл жиынның мақсаты қандай, ауданнан неше адам барды, оларға қандай жеңілдіктер жасалды?
- Бұл шара Махамбет ауданында 11-22 сәуір аралығында «Батыл тойтарыс – 2022» тақырыбында өтті. Ондағы мақсат - жаңа әскери техникалар және қару-жарақтармен таныстыру, қолдану, әскери бөлімнің жұмылдыру даярлығын тексеру бағытында болды. Оған аудан бойынша 8 адам қатысты.
Әскери жиынға қатысқандарға лауазымға байланысты әскери шен беріледі. Және де еңбекақысы сақталады. Сонымен қатар, бұған 50 жасқа дейінгі әскери қызметкерлер қатысуға міндетті.
- Мереке қарсаңында бөлімнің үздік мамандары жайлы айта кетсеңіз.
- Еліміз Тәуелсіздік алғалы бөлім қызметі жедел жаңару үстінде. Әскерге ел тыныштығын сақтайтын денсаулығы жақсы сарбаздарды дайындауға жағдай жасалып отыр. Бөлімде өзінің үлгілі қызметтерімен көрініп жүрген қызметкерлер Байбақты Қалиев, Нұржан Мәдіғали, Гүлшара Орынбасарқызын атап өтуге болады.
- Мерекелік тілегіңіз
- 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен барша әріптестерімді, айбынды сарбаздарды құттықтаймын. Отанымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қалтқысыз еңбектеріңізбен шыдамдылықтарыңызға ризашылығымды білдіремін. Өскелең ұрпағымыздың бейбіт елде еш алаңсыз өмір сүруі – Отанын сүюінің айқын дәлелі болмақ.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан,
Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ