Кеше аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық мәслихат аппаратында ұзақ жыл қызмет атқарған Қанат Құмаровты зейнеткерлік демалысқа шығарып салу салтанатты шарасы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали:
– Мемлекеттік қызмет саласында қызмет ету үлкен абырой. Сол абырой биігінен көрінген Қанат Темірұлы кейінгі буынға үлгі. Отыз жыл аз уақыт емес. Ортасына сыйлы, әріптестеріне беделді болды. Ендігі уақытта тер төгіп жасаған еңбегіңіздің зейнетін көріңіз. Отбасыңызға амандық тілейміз, немере қызығына бөленіп аман жүріңіздер, – деген ақжарма тілегін арнап аудан әкімі атынан Құттықтау хатпен естелік сыйлық табыс етті.
Содан соң сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали:
– Қанат Темірұлы мемлекеттік қызметте отыз жыл қызмет етсе, соның жиырма жылында аудандық мәслихат аппаратында қызмет атқарды. Өзі қарапайым, сабырлы, мінезге бай. Барлық істі тиянақты орындайды. Біздің ұжымда зейнеткерге құрмет көрсету дәстүрге айналып келеді. Бұл кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық іс, - деп әріптесінің иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Мерейтой иесіне бірге қызметтес болған әріптестері де ақ жол тілеп, үлгі боларлық тұстары көп екенін атап өтті. Қанат Темірұлына бейнеттің зейнетін көріп, отбасына бақыт, береке тілеп, ақ тілектерін жаудырды.
Өз кезегінде Қанат Темірұлы құрмет көрсетіп жатқан әріптестеріне алғысын білдірді.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА