Аудандық білім бөлімі және салалық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері арасында аудандық «Үздік әскери жетекші» әскери-спорт жарысы өтті. Жеңістің 77 жылдығы және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 30 жыл толуына орай өткен шараның мақсаты – Отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттап, әскери спорт түрлерін дамыту.
Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының базасында ұйымдастырылған сайысқа ережеге сәйкес 25-50 жас аралығындағы әскери жетекшілер қатысты. Алдымен әскери патриоттық клуб жұмыстарын қорғаған әскери жетекшілер одан әрі «АК-74» оқу қаруын толық емес бөлшектеу және жинақтау, оқжатарды шашу және жинау, жалпыәскерлік қорғаныш толымы (ЖӘҚТ) киімін және противогаз кию, пневматикалық қарудан 10 метр қашықтықтағы нысанаға дәлдеп ату, 700 грамдық гранатаны 25 метр қашықтыққа лақтыру бойынша сынға түсті.
Нәтижесінде, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Азамат Молдашев І орынды жеңіп алса, ІІ орынды Мэльс Керей (Миялы о/м.), ІІІ орынды Оңғар Қосжан (Ш.Кркінов ат. о/м.) иеленді. Жеңімпаздарды аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қанат Алпанов құттықтап, медаль, диплом және қаржылай сыйлық табыс етсе, Чернобль апатының зардаптарын жоюға қатысқан Б.Аманшин атындағы орта мектебінің есепшісі Боран Тұрашевқа шипажайға жолдама берді. Сондай-ақ, шара барысында «Батыл Тойтарыс-2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық жаттығу кезіндегі әскери жиынға белсене қатысып, өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқарғаны және берілген бұйрықтар мен тапсырмаларды сапалы орындағаны үшін әскери жетекшілер Нұрбек Әлібекұлы (Қарабау о/.) мен Жандос Дүйсенбаев (Б.Аманшин ат. о/м.) Атырау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, подполковник Э.Шынғалиевтің алғыс хатымен марапатталды.
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ