Жұмысшы мамандықтар жылы тек атаулы жыл емес, сан жылдар бойы көп еленбей келген қарапайым еңбек адамдарына деген шынайы құрметтің белгісі. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады» деген болатын.
Экономиканың тұрақты дамуында жұмысшы мамандардың үлесі орасан зор. Елдің өндірістік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік салалары дәл осы мамандардың біліктілігі мен еңбегіне сүйенеді. Шикізат өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі, энергетика, инфрақұрылымдық жобалар іске асыру жұмысшы мамандықтарынсыз мүмкін емес. Жыл сайын Қазақстанда жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар ашылады, оларды сапалы мамандармен қамтамасыз ету елдің экономикалық болашағы үшін маңызды. Елімізде еңбек адамдарының еңбегін құрметтеу және оларға қолдау көрсету мақсатында әртүрлі марапаттар мен ынталандыру шаралары қарастырылған. Олардың ішінде мемлекеттік наградалар мен ордендер бар. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы елдің ең жоғарғы наградасының бірі. Ол ерекше еңбек сіңірген тұлғаларға беріледі. Бұл атаққа ие болғандар арнайы «Алтын жұлдыз» белгісімен және айтарлықтай материалдық қолдаумен марапатталады. Үш дәрежесі бар «Еңбек Даңқы» ордені жұмысшылар мен еңбек ұжымдары арасындағы айрықша жетістіктер үшін беріледі. Ал, «Құрмет» ордені түрлі саладағы үздіктермен қатар, еңбекте жоғары нәтижелерге қол жеткізгендерге де табысталады.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, құрылыс, металлургия, энергетика сияқты көптеген салаларда ерекше көзге түскен жұмысшылар үшін министрліктер мен ведомстволардың төсбелгілері, құрмет грамоталары мен алғыс хаттары қарастырылған. Жергілікті әкімдіктер еңбек ұжымдарына арналған марапаттау рәсімдерін өздерінше ұйымдастырады. Бұл ретте облыстық, қалалық, аудандар деңгейінде құрмет грамоталары, естелік белгілер және ақшалай сыйлықтар беріледі. Марапаттардың бір түрі ретінде кәсіподақ ұйымдары мен жұмыс берушілер тарапынан қосымша демалыс, жеңілдетілген ипотека, денсаулық сақтау қызметтерін жақсарту сияқты әлеуметтік жеңілдіктер ұсынылады. Жекелеген кәсіпорындар өз қызметкерлеріне арнайы кәсіптік атақтар немесе марапаттарды тағайындап, оларды ұжым ішінде құрметке бөлеу арқылы ынталандырып отырады. Бұл марапаттар еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға және олардың қоғамдағы рөлін мойындауға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Сонымен қатар, олар еңбек адамының беделін көтеріп, жастарды жұмысшы мамандықтарға қызықтыру үшін де қолданылады.
Жалғыз Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде жұмысшы мамандардың еңбегін мойындау және құрметтеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл құрмет түрлі формада көрініс табады. Мәселен, Ресей жерінде жұмысшылар күні немесе көктем мен еңбек мерекесі атап өтіледі. АҚШ-та «Labor Day» күнінде жұмысшы мамандардың қоғамға қосқан үлесі еске алынады. Мұндай мерекелер жұмысшы қауымның қоғамдағы рөлін айшықтап, олардың еңбегін жоғары бағалауға мүмкіндік береді. Дамыған елдерде жұмысшы мамандықтар қоғамдық тұрғыда үлкен құрметке ие. Мәселен, Германия мен Швейцария сияқты елдерде кәсіби-техникалық білім жүйесі жоғары бағаланады, ал жұмысшы мамандар сапалы өнім шығарумен немесе жоғары деңгейдегі қызмет көрсетумен танымал. Бұл елдерде жұмысшы болу — беделді, кәсіби даму жолы ретінде қарастырылады. Кейбір елдер жұмысшы мамандарға лайықты жалақы, әлеуметтік жеңілдіктер, еңбек шарттарының жоғары стандарттарын қамтамасыз ету арқылы құрмет көрсетеді. Мысалы, Скандинавия елдерінде жұмысшылардың еңбек құқықтары жақсы қорғалған, жұмыс жағдайлары қауіпсіз және жалақы деңгейі басқа елдерге қарағанда жоғары. Жұмысшы мамандарға құрмет көрсету олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау арқылы да көрінеді. Еуропаның көптеген елдерінде жұмысшылардың қосымша білім алуға, біліктілікті арттыру курстарынан өтуге, жоғарырақ лауазымдарға көтерілуге мүмкіндігі бар. Бұл олардың еңбегін ғана емес, сондай-ақ кәсіби және жеке тұлғалық дамуын да мойындаудың белгісі. Кей елдерде ерекше жетістіктерге жеткен жұмысшы мамандар арнайы марапаттарға ие болады. Бұл медальдар, құрмет грамоталары немесе атаулы сыйақылар түрінде берілуі мүмкін. Мұндай марапаттар тек жұмысшы мамандардың ғана емес, жалпы қоғамның олардың еңбегіне деген құрметін көрсетеді. Қандай құрмет көрсетсе де оның түпкілікті мәні еңбек адамының қоғамдағы рөлін бағалау, олардың тұрмыс жағдайын жақсарту болып табылады.
Қазіргі заман – нақты істер мен білікті кадрлар заманы. Кез келген өндірістің, кәсіпорынның немесе инфрақұрылым саласының дамуы алдымен шебер жұмысшыларға байланысты. Дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик, слесарь, аспаз, тігінші, механизатор сияқты мамандықтарсыз ел дамуын елестету мүмкін емес. Сондықтан еңбек адамын дәріптеу – қоғам үшін де, ұрпақ тәрбиесі үшін де аса маңызды. Заман дамыған сайын технология мен өндіріс салаларында шебер мамандардың орны артып отыр. Қолынан іс келетін азамат – қай кезде де құрметке лайық. Бұл жыл – сол жандардың еңбегі ескеріліп, ерлігі бағаланатын ерекше кезең.
Жұмысшы мамандықтар – елдің тыныс-тіршілігін қалыптастырып тұрған көзге көрінбейтін, бірақ сезілетін күш. Бүгінгі күні дәнекерлеуші де, шебер тігінші де, құрылыс басындағы жұмысшы да – қоғам үшін таптырмас тұлға. Өз нәсібін арам жолмен емес, адал маңдай тері арқылы табу адам баласының ең асыл қасиеттерінің бірі. Дана халқымыздағы «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек – ерлікке жеткізеді, ерлік – елдікке жеткізеді», «Еңбегі аздың – өнбегі аз, еңбегі көптің – өнбегі көп» деген жақсы сөзде соның айғағы. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықта өмірі тұтастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие беру мен жан-жағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп ұлы ойшыл Абай атамыз өсиет еткендей, адал еңбекпен есейіп, айналасына үлгі болып жүрген азаматтардың барын біз әрдайым мақтан етеміз. Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана таба алады. Қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандар қашанда құрметке лайық.
Жұмысшы мамандар жылын жариялаудың басты мақсаты – осы саланың беделін көтеру, еңбек адамына деген құрметті қалыптастыру және оларды ынталандыру екені түсінікті. Бұл шешімнің аясында мемлекет келесі бағыттар бойынша нақты шараларды жүзеге асыруды көздейді. Кәсіптік білім беруді дамыту бағытында жұмысшы мамандықтарына арналған колледждер мен оқу орталықтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, білім беру бағдарламаларын заман талаптарға сай ұйымдастыру бірінші кезекке қойылды. Өндірістік тәжірибе мен дуальды оқытуды күшейту арқылы түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері арттырылады. Жұмысшы мамандардың әлеуметтік қорғалуы мен еңбек жағдайларының жақсаруы олардың жұмысқа деген ынтасын көтереді. Осыған байланысты мемлекет еңбек ақыны көтеру, әлеуметтік пакеттерді кеңейту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты шараларды іске асыруға басымдық береді. Еңбек адамының бейнесін қоғамда құрметке бөлеу, жастар арасында жұмысшы мамандықтарына қызығушылық ояту мақсатында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіледі. Қолайлы инфрақұрылым жасау жұмысшылардың өмір сүру сапасын арттыруды қамтиды.
Қазақстанда жұмысшы мамандар жылының жариялануы – еңбек адамдарының абыройын арттыруға және елдің экономикасын тұрақты дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама тек жұмысшы мамандықтарын қолдаумен шектелмей, бүкіл қоғамның еңбек мәдениетін өзгертуге ықпал етеді. Қолға алынған шаралар еңбек нарығында теңгерім орнатуға, жастардың кәсіби бағдарын дұрыс қалыптастыруға және өндірістік саланы жоғары сапалы кадрлармен қамтамасыз етуге негіз болады. Жұмысшы мамандар жылы – Қазақстанның еңбек адамына деген құрметін көрсететін айқын белгі. Бақуатты тұрмыстың кілті – еңбекте. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дегендей, әр адам өзінің қалаған мамандығын таба білсе, еңбегі жанады, сол жолда бақытқа, құрметке бөленеді, еңбегінің жемісін жейді.
Айбек НӘЖІМОВ