Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

АБАЙ МҰРАСЫН ҰЛЫҚТАҒАН КЕШ

Аудан орталығы Миялы ауылындағы «Даңқ» паркінде аудандық орталық кітапхана және балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай 10 күндік іс-шаралар бағдарламасы аясында, "Абай мұрасы - Халық даналығы"  әдеби-сазды кеш болып өтті.

     Жастар арасында ақын мұрасын кеңінен насихаттап, рухани құндылықтарды дәріптеу, жас буынның шығармашылық қабілетін дамыту мақсатын көздеген шарада алдымен Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушылары, «Жас қаламгер» әдеби клубының мүшелері Зарухат Аманжанқызы мен  Орынхан Қанатбайқызы арнау өлеңдерін, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің 2 курс студенті Айқаным Қанатбайқызы «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», Атырау жоғары медициналық колледжінің 2 курс студенті Наргиза Айтжанқызы «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңдерін тебірене оқыды. Одан соң Орынхан Қанатбайқызы Абайдың 45 қара сөзінің 18-24 қара сөздерінен үзінді оқып, көрерменге терең ой салса, кітапхана оқырмандары, аудандық оңалту орталығының маманы Мөлдір Еркінқызы «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да»,  аудандық ветеринариялық стансасының маманы Райгүл Стомма «Жүректе қайрат болмаса» өлеңдерін,  ветеринарлық лаборатория қызметкері Берік Мұхтарұлы Абай аудармасынан үзінді оқып берді. 

Сондай-ақ аудандық балалар кітапханасының оқырмандары, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің оқушысы Аймерек Мұхтар «Күз», Ақтілек Мұхтар «Құлақтан кіріп бойды алар», Б.Аманшин атындағы орта мектептің оқушысы Әдемі Ерікқызы «Ғылым таппай мақтанба», Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Сабина Нұрболқызы «Жаз» өлеңдерін жатқа оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

  Бұдан соң Миялы балалар өнер мектебінің кішкентай суретшілері ұлы Абайдың портретін салса, кітапхана қызметкерлері «Көзімнің қарасы» әнін тамылжыта шырқады. Ал, жас Абайдың рөлін сомдаған  кітапхана қызметкері Қайырбек Сүйеуғалиұлы «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар» өлеңін  мәнерлеп оқыды. 

 Кеш аясында «Абай мұрасы – мәңгілік қазына» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылып, оны кітапхана библиографы Гүлзада Мәулекенова таныстырып, Абай Құанабайұлының шығармаларына, қара сөздеріне, еңбектеріне шолу жасады.

Шараны қорытындылаған аудандық орталық кітапхана директорының орынбасары Гүлжамал Озғанбаева:

– Биыл ақынның 180 жылдығы кең көлемде тойланып жатыр. Абай Құнанбаевтың шығармалары біз үшін өшпес мұра. Оның әр шығармасында терең ой, үлкен ғибрат жатыр. Бүгінгі шараға жастар, кішкентай оқырмандарымыздан бөлек, мекеме қызметкерлері де қатысып отыр. Мұның өзінде мән жатыр. Жастарды ақын шығармаларымен сусындап, кітап оқуға шақырамыз. Ақын шығармаларын оқу бір күндік емес, мың күндік азық болары анық. Барша қатысушыға алғыс білдіремін,- деген тілегін білдіріп, шараға атсалысқандарға естелік сыйлықтар табыстады.

 

Гүлмира МАҚСОТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT