Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Дала өркениетін терең түсінейік

Қашан да қойнауы құтқа, даласы малға толы деп тілге тиек ететін Қызылқоға өңірінің зерттелмеген, сыры ашылмаған тарихи жерлері өте көп.

Осыдан екі-үш жыл бұрын Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі ауданда қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Онда Жангелдин ауылдық округіне тиесілі аумақта орналасқан ерте темір кезеңінің «Миялы қорғандар тобында» жүргізілген қазба жұмыстары ескерткіштің өзіндік ерекшеліктерін аша түсті.

Жалпы, археологтар 15 қорғанның 1 және 9 қорғандарына қазба жұмыстарын жүргізіп, жебелер, қыш құмыра тапты. Сондай-ақ, әйел адамның белдігіне тағатын күмістен жасалған сәндік бұйым, садақтың оқтары (қоладан жасалған), қайың қабынан жасалған жебе салынған қорамсақ, жерлеу орны, алтын жапсырмалар, әшекей бұйымдар, аң стилімен әшекейленген қола қазан табылды. Осы тұста, өз тарихымыздың астарын аша түсіп, байлығымызды еселеп, жер қойнауындағы тарихтан сыр шертетін құнды дүниелермен толықтыру біздің міндетіміз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам». Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге, бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі», – деген болатын. Ендеше, тарихымызы түгендеп, құнды жәдігерлерімізді жинақтап, болашаққа рухани дүниелер қалдырғанымыз бәріміз үшін де маңызды.

Аязбай ОРАЗОВ,

Жангелдин ауылдық округінің әкімі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT