Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жастар жылынан не күтесіз?

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «2019 жылды Жастар жылы» деп жариялаған болатын.

Осы орайда, «Жастар жылынан не күтесіз?» деген сауал туындайтыны анық. Міне, сол сауалды аудан тұрғындарына қойып, жауап іздегенді жөн көрдік.

Инвесторлар тартылуда

Жастар жылында аудан көлемінде көптеген жұмыстар қолға алынбақ. Бұған дейін де жастар мәселесі аудан әкімдігі назарынан тыс қалған емес. Ауданға келген жас мамандарға қызметтік үй немесе баспана сатып алуға пайызсыз несие беріліп келеді. Әр ауылдық округтерде аудандық жастар ресурстық орталығы арқылы тек қана жастармен жұмыс жасайтын мамандар алынды. Ал, бұл басқа аудандарда қолға алынбаған.

Қазіргі таңда жастар арасында сараптама жасалуда. Мақсат – жастар арасында жұмыссыздарды, мүмкіндігі шектеулі, еңбекке қабілетті жастарды анықтау. Сондай-ақ, белсенді емес жастарды да анықтап, оларды спорттық, мәдени, қоғамдық шараларға тарту. Ал, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту күн тәртібінен түскен емес. Жастар жылында қолға алынатын тағы бір мәселе – жастар тарапынан құрылатын үкіметтік емес ұйымдардың қатарын көбейту. Бұл бағытта қоғамдық бірлестіктер арқылы жұмыс жасаудың тиімділігін жастарға түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Өз идеяларымен келген жастарға аудан әкімдігі нақты қолдау көрсетеді.

Өткен жылы аудандық жастар ресурстық орталығына екі қабатты ғимарат берілген болатын. Бұл мекеме қаңтар айынан бастап толыққанды жұмыс жасайды. Мекеменің бірінші қабатында жастар үшін коворкинг орталығын ашу көзделіп отыр. Онда жастардың түрлі үйірмелер ашып, шеберлік сыныптар, тренингтер өткізіп, гитара тартуды үйрену, сурет салу және басқа да қоғамға пайдалы істермен айналысуға мүмкіндіктері бар. Ғимараттың бір қабырғасы сурет салуға арналған. Оған ай сайын әр округтен келген жастар кезекпен өз қиялдарынан туындаған суреттерді салып тұрады.

Былтырғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – аудандық әдістемелік орталығы ғимаратынан оқушылар үйінің ашылуы. Мұнда көптен бері назардан тыс қалған жас натуралистер, робототехника, ұмыт қалған ұлттық ойындар, қолөнер, сурет үйірмелері жұмыс жасайды. Сонымен бірге, жас ақындарды дайындау да қолға алынғалы отыр. Сағыз ауылындағы А.Өміров атындағы саз мектебін өнер мектебіне айналдыра отырып оның қызмет көрсету аясы кеңейтіледі. Яғни, қосымша сыныптар, үйірмелер ашылады.

Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығын және әмбебап спорт алаңдарын (футбол, баскетбол, волейбол) салу инвесторлары арқылы жүзеге аспақ. Бұл тұрғыда, аудан әкімдігі Мұқыр ауылынан спорт кешенін салуға «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС-мен меморандумға отырды.

Жалпы, алға қойған мақсатымыз – жастар арасында белең алған жұмыссыздықты жою, олардың белсенділігін арттыру және бос уақыттарын тиімді өткізу. Осы жұмыстарды атқара отырып билік пен жастардың арасын жақындатып, өзара қарым-қатынасты нығайту.

Марат ӘБУОВ,

аудан әкімінің орынбасары.

 Өндіріс саласы әлсіз

Қазір қарап отырсақ, шүкір сауда-саттық саласы қарқын алуда. Яғни, әртүрлі киім-кешек, азық-түліктердің қажетін таба аламыз. Бірақ, ауданымызда өндіріс саласы әлсіздеу. Міне, жігерлі жастар осы бағытта көбірек жұмыстануы қажет деп ойлаймын. Бұл менің болашақта алдыма қойған мақсаттарымның бірі. Ауылда көптеген шикізаттарды игеру, оны өндірісте пайдалану мүлдем демегенмен аз дамыған. Ауыл кәсіпкерлері ауыл шаруашылық өнімінің қалдықтарын (мал жүні мен терісі т.б), тұрмыстық қалдықтарды (пластик, қағаз т.б) қайта өңдеп шығаруды қолға алса жақсы болар еді. Айта кетсем, жеке шаруамен Дағыстан еліне барғанымда тері өңдеу цехында болдым. Онда мал терісінен жасап шығарылған табиғи өнімдерді көзбен көріп қатты қызықтым. Ал, бізде мал терілері өңделместен қоқысқа лақтырылуда. Аудан басшылары аудандағы мал терілерін өңдеу секілді кенже қалып отырған кәсіп түрлерін жас кәсіпкерлердің үйренуіне жол ашса деймін. Қажет болса шет елдерге тәжірибе алмасу бағытында жіберсе екен.

Негізінен, біздің жастардың басым көпшілігі бір істі бастауға немесе жұмыстануға жүрексініп, бейқам қарайды. Оларда белсенділік жетіспейді. Бірақ, ойланып қарар болсақ, жас кәсіпкерлерге өз бизнесін бастауға еш кедергі жоқ сияқты. Оған дәлел, аудан әкімі Арман Баженовтың қабылдауында болғанымда, өз ойымда жүрген көптеген істерді ортаға салдым. Сол кезде аудан әкімі әркез қолдау білдіретінін және мұны кез келген жас кәсіпкер де жасай алатынын тілге тиек етті.

Ендеше, беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып, аудан экономикасының дамуына үлес қосып, ерінбей еңбек ететін, елдің пайдасы мен мүддесін ойлайтын жастар молая түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Сағдат ҒАЗЫМОВ,

жас кәсіпкер. Миялы ауылы

 Жұмысқа орналасу өзекті мәселе

«Жастар жылы» деген сөз құлаққа қалай жағымды естілсе сол жылдан жағымды жаңалықтар күтетініміз рас. Оны ең алдымен өз ауылымыздан бастаған жөн деп білемін. Жоғары оқу орнын бітірген жастардың дені туған жерге оралатыны анық. Ал, дипломмен ауылға оралған мамандарға жұмысқа орналасу ең өзекті мәселе екені ақиқат. Сондықтан, олардың жұмыспен қамтылуына мән берілсе деймін. Оқу орындары да түлектердің қолына дипломын ұстатып жібермей, олардың жұмысқа орналасуына ықпал етсе жақсы болар еді.

Бизнес бағытына бет бұрған жастарға өз кәсіптерін ашуға көмектессе, олар ертеңгі күні ауылының өркендеуіне үлес қосатыны сөзсіз. Сондай-ақ, салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды, дініміз бен тілімізді насихаттауда жастарымыздың шет қалмағаны дұрыс.

Айсәуле АРДАҚҚЫЗЫ,

студент.

 Білікті спорт мамандары қажет

Мен өткен жылы жоғары оқу орнын бітіріп, жас маман ретінде Тайсойған ауылындағы Ғ.Сланов атындағы орта мектепке дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Мектепте үйірмелер ашып, оқушыларды шахмат, баскетбол, волейболға дайындадым. Ауылішілік жарыстардан басталған жеңісіміз одан әрі ауданда, облыста жалғасты. Мәселен, аудандық спартакиада да волейболдан І орын, шахматтан ІІ орын алған тайсойғандықтар облыстық спартакиадада ІІ орын иеленді. Бұдан кейін аудан атынан волейбол спортына облыстық жарыстарға тұрақты түрде қатынасқан біздің команда жүлделі орындардан көрініп, Қызылорда қаласында өткен ауыл жасөспірімдерінің ІІ республикалық спартакиадасына қатысты.

Әрине, жастар жылынан күтеріміз көп. Спорт маманы болғандықтан, еліміздің спорт саласындағы әрбір жетістігіне қуанамын. Экономикамен бірге спорт та дамып келеді. Әсіресе, Елбасының «Туған жер» бағдарламасы бойынша бүгінде кәсіпкерлер демеушілігімен ауылдық жерлерде спорт кешендері салынуда. Бұл ретте, жақында Сағыз ауылында кәсіпкер Сағызбек Тастеміровтің демеушілігімен салынған спорт кешені пайдалануға берілсе, осындай игі іс Мұқыр ауылында да келесі жылы қолға алынбақ. Осындай спорт кешені, мәдениет үйі Тайсойған ауылына да керек-ақ. Өйткені, ауылда спортқа бейімді талантты жастар, дарынды жас ақын, әншілер жетерлік. Осы сияқты мәселе әрбір ауылда бар. Егер Жастар жылында осы мәселе оң шешімін тапса, ауданнан талай саңлақ спортшылар шығатыны даусыз. Сондай-ақ, жаттықтырушы мәселесі тағы бар. Көптеген жоғары санатты жаттықтырушылар ауылға жұмысқа келе бермейді. Сондықтан, ауылдық жерлерге де білікті спорт мамандарын шақыртып, спорт үйірмелері ашылса деп ойлаймын.

Ақжол ҒАТАУОВ,

Тайсойған ауылы.

 Жастарға арнайы бөлме керек

Мемлекет басшысының арнайы Жастар жылын жариялауының астарында жастарға деген қамқорлық пен сенім жатыр. Көтерілген бастама аясында ауылдық жерлерде өнерге, спортқа жақын жастардың, түрлі әлеуметтік салалардың бел ортасынан табылып жүрген жас мамандардың басын біріктіріп, кәсіби, тұрмыстық қиындықтарын шешетін кешенді бағдарлама дайындалса нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы, ауданда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы дамымай отыр. Оның түрлі себептері бар. Бір жағынан насихаттау дәрежесі кемшін болса, құру үшін де біраз уақыт қажет. Құрылған соң жұмысын жандандыру үшін нақты қолдау да керек. Биылғы жылы жазда «Мұқыр» қоғамдық бірлестігін құрған болатынмын. Аз уақыт ішінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, аудан ардагерлерін көршілес Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Ақтөбе облысының Ойыл аудандарындағы мұражайларға экскурсияға апарсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы волейболдан аймақтық турнир, «Жастар жарқын болашақ үшін» тақырыбында кіші аяқ доптан аудандық турнир, Мұқыр орта мектебінің жоғары сынып оқушылары арасында «Көңілді тапқырлар алаңы» ойындарын өткіздік. Әр ауылда жастар осындай үкіметтік емес ұйымдар құрса, жұмыс көбейіп, бәсекелестік те артар еді.

Айтайын дегенім, Мұқыр ауылында жастардың өз алдына бастарын қосып, пікірлесетін, түрлі бағытта өз ойларын ортаға салып ақылдасатын орын жоқ. Бастары бірікпеген жастар нақты бір шешімді іс жасай алмай, бастаған істері аяқсыз қалып жатады. Содан кейін олардың сағы сынып, тауы шағылады да ортақ жұмысқа келгенде қорқып жатады. Бұл ретте, ауылдағы бұрынғы отбасылық дәрігерлік емхананың ғимаратынан бөлме сұрағанбыз. Ол енді Жастар жылында шешімін табады деген үміттеміз. Сондай-ақ, алдағы уақытта аудан көлемінде «Дебат» сайысын дамытуды қолға алған жөн. Бұл оқушылардың, жастардың өз ойын айтуына, пікірін жеткізуге өте қажет. Ұмытылып келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарын кеңінен насихаттап, мейрамдарда өткізіп тұруды қолға алу керек деп есептеймін.

Серікболсын БЕРІКОВ,

«Мұқыр» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

 

 Жұмыссыз жастар еңбекке тартылады

Жастар жылында жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа орналастыру – аудандық жұмыспен қамту орталығының алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі. Бұл орайда, ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» іске асырылуда. Бағдарламада 29 жасқа дейінгі жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше көңіл бөлінген.

Бағдарламаның бірінші бағыты – іске қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Биылғы жылы 41 жас қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаса, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша алты жас оқып жатыр. Ал, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында өткен жылдан бастап «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүзеге асырылуда. Биылғы жылы аталмыш жоба бойынша кәсіпкерлік негіздерінде оқыған 167 адамның 34-і жастар болса, шағын несие алған 52 адамның 15-ін жастар құрап отыр. Жалпы, орталық арқылы жыл бойына жұмысқа орналасқан 1874 адамның 530-ы жастарды құрайды.

Негізінен оқу орнын бітірген жастардың еңбек өтілінің болмауына байланысты қызметке орналасуына қиыншылық туғызатыны жасырын емес. Енді жас маман тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына барып, өз мамандығы бойынша жастар тәжірибесіне қатыса алады. Олар алты ай бойы тәжірибелі мамандардың басшылығымен біліктілігін арттырады. Ары қарай жұмысқа орналасуы жас маманның өзіне байланысты.

Ал, орталықтың алға қойып отырған басты мақсаты – Жастар жылында жұмыссыз жастарды зерделеп, мамандықтарына қарай еңбекке тарту.

Нұрлан БЕКЕШОВ,

аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры.

 

 Ауыл ақсақалдары жастармен бірге болғаны жөн

Жасыратыны жоқ, ауыл жастарының басым бөлігі атқаратын белгілі бір кәсібі жоқтықтан бұйығылыққа салынып барады. Әр ауылда ұйымдастырылатын мәдени-спорттық шараларға қатысып, атсалысатын ат төбеліндей жастар ғана. Ал, жастардың басым бөлігі интернет, әлеуметтік желілердің шырмауынан шыға алмай жүр. Сондықтан, оларды ортаға тартуға жұмыстану қажет. Ол үшін әр ауылда мәдени-спорттық шараларды жиі ұйымдастырып, оған әр жастың келіп қатынасуына мән берген дұрыс деген ойдамын. Бұл ретте спорттық шараларды тек футболдан немесе волейболдан өткізбей, ауданда дамымай жатқан басқа да спорт түрлерінен ұйымдастырылғаны абзал. Әр спорт түрінен жастардан жауапты тұлға шығарып,ауыларалық лигалар өткізуді қолға алсақ көптеген жастарымыз өздерін көрсетіп, ортаға қосылары анық. Сондай-ақ, көңілді тапқырлар алаңының аудандық лигасын құрып, әр ауылдық округтерден командалар жасақталса, олардың өткізілетін шараларға тұрақты қатынасуы қадағаланса деймін. Әр ауылдың мәдениет үйлерінде әзіл-сықақ театрлары құрылып жұмыс жасаса, жастардың бос жүрмеуіне, кейбір таланттардың ашылуына бір септігін тигізері сөзсіз.

Көбіне мәдени-спорттық шаралардың бәрі Миялы ауылында өткізіледі де, көптеген округтер қалыс қалып жатады. Бұл орайда, әр округте жастармен кез келген танымдық, интеллектуалдық немесе спорттық шаралар аудан көлемінде өткізілуі тиіс. Оған қатысқан ауыл жастары да өзінің қоғамға қажеттігін сезініп, аз да болса белсенділік танытуы ықтимал. Ал, жастар мен ауыл ақсақалдары арасында тығыз байланыс орнату да маңызды мәселелердің бірі. Елдің дамуына еңбегі сіңген сыйлы адамдарын жастарымызға насихаттап, мүмкіндігінше сол азаматтармен дөңгелек үстелдердің өткізілгенін қалаймын. Жастар жылында ел алдында абыройлы қызмет атқарып жүрген жас кәсіпкерлерді насихаттап, солар секілді өз кәсібін бастығысы келетін жастарға бағыт-бағдар беретін арнайы тренингтер ұйымдастырылса керемет болар еді. Келер жылы жастар үшін осындай шаралар өткізіліп жатса, аудан жастарының аудандағы белсенділігі арта түсері анық.

Алмас ЕСЕНҒАЛИЕВ.

Миялы ауылы

 

 Үкіметтік емес ұйымдар аз

Негізінде жастарға барлық жағдай жасалуда. Енді осы Жастар жылын пайдалана отырып жастар өз бастамаларын көрсететін уақыт келді. Қазіргі уақытта ауданымызда үкіметтік емес ұйымдардың саны аз. Қоғамдық қорлар, қоғамдық бірлестіктер жоқтың қасы. Ендігі мақсат – жастарға керекті осындай ұйымдарды көбірек ашу. Тағы бір мәселе ауданда шет тілдерді үйрететін курстарды да ашуды қолға алған жөн. Сондай-ақ, бізде оқушылар арасында пікірсайыс деген ұғымның кенжелеп қалғаны жасырын емес. Ал, пікірсайыс бізге көбірек керек. Өйткені, бұл оқушылардың өз ойларын айтуға, жақсы идеяларды өмірге әкелуге мұрындық болады деген ойдамын. Сонымен бірге, тасада қалып қойып жатқан талантты ауыл жастарын, өнерпаздарды, өнертапқыштарды тауып, оларға қолдау көрсету, серпін беру, жеңілдетілген шағын несиелер алуына жағдай жасау да маңызды.

Менің пікірімше, Елбасы Жастар жылын жариялау арқылы жастардың жан-жақты дамуына ықпал жасап, ел болашағына қызмет етуін, халқына пайдасы тиер азамат болуын мақсат тұтады. Сондықтан, әрбір жас маман өз саласында үздік болуға ұмтылып, ел келешегіне тамшыдай болсын үлес қосамын деген үлкен жауапкершілікпен қызмет етуі тиіс.

Бекарыс ЗАКАРИЯЕВ,

Сағыз ауылы

 

Мамандығы жоқтар еңбекке тартылуы тиіс

Еліміздің болашағы жастар болғандықтан биылғы жыл «Жастар жылы» деп танылуы өте құптарлық іс. Бұл бағытта көптеген істер қолға алынып, атқарылуы керек. Алдымен олардың толыққанды жұмыс жасауы үшін аудандығы барлық ауылдық округтерде жастардың қоғамдық бірлестігін құру қажет. Мектеп, округ әкімшілігі, полиция бөлімімен бірлескен жоспарлы жұмыстар осы құрылған жастардың қоғамдық бірлестігі арқылы жүзеге асырылғаны дұрыс. Ал, олардың жұмысына билік тарапынан бағыт-бағдар бере отырып, нақты жұмыстар жүргізуіне көмек берілсе нұр ұстіне нұр болар еді. Ауылдық жерлерде жастар арасында білім ала алмағандар (мектепке тартылмаған мүгедек балалар, мамандығы жоқ жастар т.с.с.) жетерлік. Соларды зерделеп, анықтап, еңбекке тарту жұмыстары қолға алынғаны жөн. Сағыз ауылдық округінде жастар жетекшісі атқарған жұмысын қоғамдық кездесулерде көпшіліктің назарына ұсынса деймін. Сонда ауыл үлкендері де өз ойларын білдіре отырып, оларға бағыт-бағдар берер еді.

Жалпы, өз жылында ауыл жастары бұйығылыққа салынбай, белсенділік танытып, серпілсе деймін.

Бағила ЖОЛМҰХАНҚЫЗЫ,

ауданның Құрметті азаматы. Сағыз ауылы

 

Талантты жастар тасада қалмауы қажет

Бірден айтайын ауыл жастары ең алдымен өз ауылына пайдасын тигізуді ойлау керек. Бұл ретте әрбір жас мектеп бітіргеннен кейін қалаға оқуға барған соң сонда тұрып қалмай, өзінің үйренгенін, алған білімін туған жерінің көркеюіне, дамуына жұмсаған абзал. Ауыл балаларының бір кемшілігі – өз болашағына селқос қарайды да мамандық таңдауда қателеседі. Сөйтіп, алған мамандықтары бойынша жұмыс табылмай жұмыссыздардың қатарын көбейтеді. Ал, ауылда дәрігер, зоотехник, ветеринар мамандықтары жетіспейді. Сондықтан, мектеп бітіретін түлектерге ауылға қажетті мамандықтарды оқуға бағыт-бағдар беруді ұйымдастырған абзал. Негізінен ауылда ерінбеген жанға жұмыс көп. Ауылдық жер болған соң ауыл шаруашылығы бағытында атқаратын жұмыстар толып тұр. Тәуекел ет те кәсіп аш. Бұл ретте жастар кәсіпкерлігін қолдауға арналған, оңтайландырылған жеңіл несие қарастырылса деймін. Сондай-ақ, тасада қалып қойып жатқан талантты ауыл жастарын, өнерпаздарды, өнертапқыштарды тауып, оларға қолдау көрсетілсе деген ойым бар.

Әнуар АМАНҒАЛИЕВ,

«Аян» шаруа қожалығының төрағасы. Жангелдин ауылы

Түйін:

Қалай болғанда да, жастар жылынан күтеріміз мол екендігі ақиқат. Бұл ретте, жергілікті атқарушы билік пен аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлері осындай. Бастысы, елдің еңсесін тіктейтін жалынды да жігерлі жастар көп болса игі дейсің.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT