Құрметті, қызылқоғалықтар, баршаңызды еліміздің ең тұғырлы мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен халқымыз өз егемендігіне қол жеткізген 29 жыл ішінде толағай табыстарға қол жеткізді. Өркениет көшіне батыл ілескен Тәуелсіз мемлекетіміздің экономикалық-әлеуметтік және рухани тұрғыда дамуы елдегі тұрақтылық пен бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаматтықты аялау, тәуелсіздігін нығайту, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мұратымыз болып қала бермек.
Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап ұстанған Қазақстанның көп векторлы, бейбіт те парасатты саясаты соңғы жылдары орын алып отырған түрлі әлемдік дағдарыстар мен қатаң сындарға дер кезінде жауап беріп келеді. Адамгершілік, сенім, рухани байланыстар, толеранттылық және бір-біріне деген құрмет қатынастары – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрған қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық моделінің негізі.
Еліміздің зор биіктерге көтеріліп, әлемдік аренада ойып орын алуында әрбір қазақстандықтың, соның ішінде Сіздердің де сүбелі үлестеріңіз бар. Келесі жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл мәртебелі мерейтой Тұңғыш Президентіміздің «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда» белгіленген жүйелі жаңғыртулар мен биыл қолға алынып жатырған ауқымды реформалар аясында аталып өтпек.
Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Азаматтық рухы асқақ тұрып, көк байрағымыз көкке желбірей берсін! Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, еңбектеріңізге табыс, бақыт, береке тілеймін.
Құрметпен,
Қызылқоға ауданының әкімі
Н.Бисембиев