Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Дәрігер жетіспейтіні рас

Келесі күні түске дейін Мұқыр ауылындағы жаңадан салынған №2 орта мектептің акт залында Мұқыр ауылдық округінің әкімі Мереке Есқалиевтің есебі тыңдалды.

Бұл ретте, ауыл тұрғындары: «Мәдениет үйінің құрылысының бітпей, тоқтап тұр. Жаңа мектептің спорт залы ауыл жастарына кем дегенде аптасына екі рет баскетбол, волейбол ойындарына дайындалуға берілгені дұрыс. Аяғы ауыр аналарды аудандық ауруханаға ертерек жатқызуды ұйымдастыру керек. Салынған ауылішілік жол сапасыз. Ауылда дәрігерлер жетіспейді. Ол үшін жергілікті жерден кадрларды дайындап, медицина саласындағы студенттерге грант бөліп оқытуды қолға алу қажет. Мұқырдан Атырау қаласына қатынайтын автобус шығарылуы қажет. Ауылдың сәнін бұзып тұрған кеңшардың бұрынғы кеңсесін бұзып тастаған жөн. Соятын мал алатын анықтама Мұқыр немесе Сағыздан берілсе қандай жақсы?! Ойыл, Сағыз өзендерін қалыпқа келтіру бағытында нақты шаралар қолға алынуы тиіс. Даладағы қазылған құдықтан су ішіп жатқан мал ішіне түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан сол жерлерді қоршап, бастарына астау орнатып берсе игі. Ауылда электр қуаты әлсіз. Қоқыс төгетін алаңның қоршалғаны абзал. Жазда ауылға 500 куб су берілсе жақсы болар еді. Округ аумағындағы мүнай-газ өндіретін басқармалардағы жұмысшылардың 80 пайызы жергілікті жерден болған абзал. Бюджеттен бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын ашық түрде халыққа айтып, жұмыссыздар қатарына адамдарды тіркеп қоймай, шаруа қожалықтарына жіберіп, халыққа қолжетімді қызмет ұсынып, ауылға жақын жерден шаруашылықтарға жер бермеген, азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермей, бақылауда ұстаған ләзім» деген ұсыныс-пікірлерін айтты.

Одан кейін сөз алған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:

            – Мұқыр ауылында 2018 жылы 4,7 шақырым жол құрылыс жұмыстары басталған болатын. Алайда мердігер мекеме 2021 жылы жұмыстарын жалғастыра алмады. 2022 жылға жобаны аяқтау үшін толықтай қаражат бөлінді. Жобаны биылғы жылы аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Мұқыр ауылынан 6 шақырым болатын ауылішілік жол құрылысына жоба жасақталды. «Жамансор елдімекеніне кіретін және ауыл ішіндегі автомобиль жолдарын реконструкциялау» 6,1 шақырым жолының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Тасқұдық елдімекенінде электр желісін жаңғырту үшін жоба жасақталуда. 2022 жылдың І жартыжылдығында жоба дайын болады. Мұқыр, Кенбай және Жантерек ауылдарындағы ЭЧ мекемесінің теңгерімінде тұрған электр желілерінің тозығы жетіп, ауыл тұрғындарына жеткілікті деңгейде электр көзін жеткізе алмауда екендігі мәлім. Бұл мәселені жою үшін облыстық бюджеттен биыл қаражат бөлініп, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен мемлекеттік сатып алу конкурстары ұйымдастырылуда. Құрылыс жұмыстары басталатын болады. Денсаулық сақтау саласындағы негізгі проблемалық мәселе ол – кадр мәселесі. Ауданда 10 дәрігер жетіспейді. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жалпы алғанда, Мұқыр ауылдық округінде ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ұсыныс пікірлеріңіздің бәрі орынды. Алдағы уақытта жасалатын жұмыстар жетерлік. Кезең-кезеңімен орындалады, - деді.

 

Бауыржан АМАНҰЛЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521