Осындай атаумен «Бақыт» мейрамханасында көктемгі тасқын су кезінде ерен еңбек еткен ауыл жастары мен тұрғындарға құрмет көрсету мақсатында салтанатты шара ұйымдастырылды. Бұған аудан басшылары, ауыл үлкендері және 1971-2006 жылдар аралығында туған ауыл азаматтары қатысты. Ерен ерлікке арналған шара басталмас бұрын әр жылы туған құрдастар қошеметпен ортаға шақырылып, қызыл кілеммен жүріп өтті. Дастарханды «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов құран оқып ашса, артынша биылғы тасқын су барысы және онда еңбек еткендер жайлы қысқаша бейне-баян көрсетілді.
Мерекелік шараны құттықтау тілекпен ашқан аудан әкімі Қанат Әзмұханов тасқын кезінде тынымсыз еңбек еткен ауыл жастары мен барша тұрғындарға алғысын айтып, артынша ауданның Құрметті азаматы Жәния Ізбасқан мен 1971-1980 жыл аралығында туған ауыл азаматтарын Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали, облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов, жеке кәсіпкер Октябрь Нұрадиновтер 1981-2006 жыл аралығында туған құрдастарды арнайы номинация бойынша марапаттап, өз алғыстарын жеткізді. Сол сияқты Баймұратовтар әулеті аудандық мәслихат депутаты, табиғат жанашыры Есенбай Нұровқа тасқын су кезіндегі ерен еңбегі үшін қос ат мінгізіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Сондай-ақ, шара кезінде ұлттық ойындар ұйымдастырып, ләңгі тебуден Салауат Мұратұлы, Сейілхан Оқас, Асылболат Қуанышовтар жүлделі үш орынды өзара бөліссе, бұқа тартыстан Нұркен Өтешов, Азамат Құспанов, Нұрсайын Бисеновтер жеңімпаз-жүлдегерлер атанды. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар табыс етілсе, жеке демеушілер қой малы және ақшалай сыйлықтар берді. Бұдан бөлек мерекелік дастархан басында ауыл өнерпаздары «Ақжелең» фольклорлық ансамбілі, Ләззат Тастаева, Бисұлтан Мұхтаровтар күмбірлете күй тартып, тамылжыта ән салса, кеш қонақтары арасынан Тарас Қазив, Азидолла Сауытов, Сұлтанбек Қазиевтер де өз өнерлерін ортаға салды. Осылайша мәнді де, мағыналы өткен шара соңында ұйымдастырушылар өз ізгі тілектерін ақтарып, барша ауыл тұрғындарына өз алғыстарын жеткізді.
Дулат МӘТЖАН