Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БӨГЕТТЕР БИІКТЕТІЛУДЕ

Соңғы үш жыл қатарынан тасыған Ойыл өзені аудан тұрғындарын біраз әбігерге салған еді. Жылма жыл көлемі көбейіп келген тасқын судан елді мекендерді біріншіден ауылды айнала тұрғызылған бөгет, екіншіден халықтың жанқиярлық еңбегі аман алып қалды. Әйтсе де, жойқын келген су тасқыны бөгеттер  мен тас жолдардың осал тұстарын көрсетіп кетті. Бүгінгі күні тасқынның әсерінен бұзылған көпірлер қалыпқа келтіріліп, тас жолдың су жырған жерлеріне суағарлар орнатылды. Енді елді мекен айналасындағы бөгеттерді биіктету жұмыстары қолға алынды. 

Аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық, жұмылдыру дайындығы және төтенше жұмыстар жөніндегі бөлімінің басшысы Мақсат Төкеновтің айтуынша, Миялы (7500 метр), Сағыз (7202 метр), Жангелдин (4000 метр), Ойыл (3150 метр), Көздіғара (5636 метр), Тасшағыл (300 метр), Жамбыл (2500 метр), Қарабау (3250 метр) және Тайсойған (4950 метр) ауылдары мен Аққора (1500 метр), Дәулетиман (500 метр), Қоғам (370 метр) және Қоныстану (400 метр) елді мекендерінің бөгеттерін барлығы 41 200 метр биіктету жоспарланған. Жоба құны – 795 миллион 500 мың теңге. Өткен жылдың желтоқсан айында басталған бұл жұмыстың бүгінгі күні 21 100 метрі (Миялы – 3000 метр, Сағыз – 6500 метр), Ойыл – 2000 метр, Көздіғара – 1500 метр, Тасшағыл – 370 метр, Жамбыл – 2500 метр, Қарабау – 3220 метр, Тайсойған – 2000 метр) биіктетілді. Бұл жұмыстарға елді мекен бөгеттерін биіктету жұмысын жүргізіп жатқан «Batys Qazaq Qurylys» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 30 техникасы жұмылдырылды. Бөгет биіктету жұмыстары көктемгі су тасқынына дейін, яғни ақпан айының аяғында толық аяқталуы тиіс.

Ал, Сағыз ауылындағы Ноғайты өзенінің де осал тұстары бекітіліп, өзен арнасы тазартылуда. Бұл жұмыстар коммуналдық меншіктегі бульдозер, экскаватор, тиегіш (погрузчик) және «КамАЗ» көліктерімен атқарылуда. Сонымен қатар аталмыш өзен жағалауын нығайтып, бетон төсеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өтті. Қаржының бөлінуіне қарай бұл жұмыстар биыл басталады. Сондай-ақ, Ойыл және Сағыз өзендерін тазартып, тереңдету үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда.
Міне, ауданда көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Дегенмен мердігер мекеме бұл  жұмыстарды уақытында әрі сапалы жасауы тиіс. Сонда ғана көктемгі су тасқыны ауылға кіріп кету қаупінен сейілетіні сөзсіз. 

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT